«Біз Министрлік ретінде ТШО-ны дамыту жоспарына айналмалы сумен қамту жобасын енгізуді талап етіп қойдық. Енді өндіріске қолданылған су қайта өңделіп, өндіріс қажеттілігіне тағы да жаратылатын болады», - деді Н. Қаппаров.
Оның айтуынша, бүгінде әлем бойынша су ресурстарының тапшылығы анық біліне бастады. «Сондықтан біз суды үнемдеудің барлық жолдарын қарастыруға тиіспіз. Мұндай жағдайда өндіріс орындарына қолданылған суды қайта өңдеп пайдалану жүйесін жан-жақты жетілдіру қажет», - деді ол.
Министрлік мұндай тәжірибені басқа да өндіріс ошақтарына енгізуді жоспарлап отыр. Ведомство басшысының мәліметінше, осыған ұқсас жүйе Балқаш ЖЭС-інде де салынады.
«Біз мұндай жұмыстарды заңнамалық тұрғыда бекітуіміз қажет. Дегенмен, өндіріс орындарына да тиімділік жағын қарастыру керек», - деп атап өтті Н. Қаппаров.
Айта кетейік, ТШО-ны дамыту жобасы 2018 жылы мұнай өндіру көлемін жылына 38 млн. тоннаға дейін көбейтуге жол ашады. 2018 жылдың орта тұсында бітіру жоспарланған жобаның жалпы құны 23 млрд. долларға бағаланып отыр. 1979 жылы ашылған «Теңіз» кен орны - бүгінде әлемдегі ең тереңде орналасқан әрі ең бай көздердің бірі. 1993 жылы Қазақстан үкіметі мен «Chevron» корпорациясы арасында келісімге қол қойылып, «Теңізшевройл» ЖШС құрылған болатын. Қазіргі кезде ТШО-ның әріптестері Chevron - 50%, «ҚазМұнайГаз» - 20%, ExxonMobil - 25% және LukArco - 5% компаниялары болып табылады.