Цифрландыру министрлігінің өкілі WeChat туралы: Түбінде біз де соған келетін шығармыз
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Whatsapp, Telegram мессенджерлеріндегі алаяқтықты шектеу туралы пікір білдірді.
«Мессенджерлерден туындайтын проблемалар шынымен өзекті. Өзім де апта сайын осындай жайттарға тап келемін. Тіпті министр мен вице-министрлер атынан қандай дап бір тапсырма жіберетін жайттар болады. Проблеманың астарында не жатыр. Бәріміз шетелдік мессенджерлерді қолданамыз. Сәйкесінше, сол Whatsapp, Telegram-ның әкімшілігіне жүгінбесек, жағдай өзгермейді. Өйткені Telegram-ға да, WhatsАpp-қа да клиенттердің бір-бірін алдап жатқаны мәселе емес. Біз әрбір хабарласқан аккаунттың артында нақты адам, нақты абонент болғанын талап етуіміз керек. Ондай талап Telegram-да да, Whatsapp-та да қарастырылмаған», - деді ол.
Комитет басшысы бұл тұрғыда Қытайдың тәжірибесін сәтті деп есептейтінін айтты.
«Қытайдың WeChat мессенжерінде бір аккаунтқа тек бір нөмір, бір ғана адам тіркеле алады. Оның үстіне WeChat клиенті болу үшін құжаттарыңды түгел көрсету керек. Сенің шын адам екеніңді басқа екі адам растап, кепілдік етуі қажет. Түптің түбінде біз де осыған келетін шығармыз. Бірақ азаматтар түсіну керек, мәселенің бір жағында қауіпсіздік тұрса, екінші жағында адам құқығы тұр. Азаматтар интернеттегі анонимділігімен қоштасуға дайын ба? Мұны да ұмытпау керек. Кез келген қауіпсіздік талабын күшейту шарасы интернеттегі анонимділік құқығымызды шектейді. Оған қоғам дайын болса, мессенджер иелеріне талап етейік», - деді Руслан Әбіқалықов.