Дегенмен цифрлық жүйелердің көбеюі медицина қызметкерлерінің жұмысында бірқатар мәселелер туындатып отыр.
Бірнеше ақпараттық жүйемен қатар жұмыс істеу, деректерді қайта енгізу, қажетті мәліметті әртүрлі жүйеден іздеу, интернет пен техникалық ақаулар дәрігердің уақытын алуы мүмкін.
Turkystan.kz мәліметінше, өткен жылы елімізде 215 млн-нан астам медициналық қызмет көрсетіліп, оның 190,8 миллионы немесе 88,6 пайызы электронды форматта ұсынылған. Сонымен қатар 8,5 млн-нан астам электронды медициналық анықтама беріліп, 5,6 млн азамат дәрігер қабылдауына онлайн жазылған.
Министрліктің 2024 жылғы қорытындысы бойынша, елде 17 мемлекеттік ақпараттық жүйе және нарықта 20-дан астам медициналық ақпараттық жүйе жұмыс істеген. Бұл жүйелер жылына 400 млн-нан астам медициналық қызмет туралы деректі өңдеген.
Ақпараттық жүйелердің көптігі олардың өзара ықпалдастығын қамтамасыз ету мәселесін өзекті етіп отыр. Жүйелер толық интеграцияланбаған жағдайда дәрігерлер бір деректі бірнеше рет енгізуге немесе қажетті ақпаратты әртүрлі платформадан іздеуге мәжбүр болуы мүмкін.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, бұған дейін дәрігерлер бірнеше ақпараттық жүйемен жұмыс істеп, бірдей деректерді қайталап енгізуге мәжбүр болған. Интеграция нәтижесінде дәрігерлердің жүктемесін 40 пайызға қысқартуға қол жеткізілген, ал бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
2026 жылғы қыркүйекте министрлік 23 бөлек мемлекеттік ақпараттық жүйенің 7 цифрлық экожүйеге біріктірілгенін, оның бесеуі жұмыс режимінде іске қосылғанын хабарлады.
Ведомство сондай-ақ цифрландыру нәтижесінде медицина қызметкерлерінің әкімшілік жүктемесі 30-40 пайызға төмендегенін мәлімдеді. Бірыңғай цифрлық контурда 21,3 мыңнан астам медициналық ұйым, 275 мың медицина қызметкері және 141 мың медициналық техника туралы дерек жинақталған.
Цифрландырудағы негізгі мәселелердің бірі — пациент туралы ақпараттың әртүрлі жүйелерде орналасуы. Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Цифрлық денсаулық сақтау департаментінің директоры Рашид Исмаиловтың айтуынша, дәрігерлердің бірнеше жүйеге ақпарат енгізуі және қайталанатын деректерді толтыруы әлі де кездеседі.
Маманның пікірінше, дәрігер пациенттің диагноздары, зертханалық және диагностикалық зерттеу нәтижелері, тағайындаулары мен дәрілік заттары туралы негізгі мәліметтерді бір жерден көре алуы қажет. Бұл ақпаратты бірнеше жүйеден іздеу қажеттілігін азайтып, клиникалық шешім қабылдау процесін жеңілдетеді.
Бұл мәселені Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Русана Сулаймонова да көтерді. Ол Денсаулық сақтау министріне жолдаған депутаттық сауалында медициналық ақпараттық жүйелерге қатысты бірқатар мәселені атап өтті.
Депутаттың айтуынша, пациенттің маңызды медициналық деректерінің әртүрлі бөлімдерде орналасуы дәрігердің уақытын алады. Бұған қоса интернеттің болмауы мен техникалық ақаулар медициналық қызмет көрсету процесін қиындатуы мүмкін. Бұл әсіресе шалғай елді мекендер үшін өзекті.
Русана Сулаймонова сондай-ақ дәрігердің атқарған жұмысы мен пациенттің әрекетін бірдей көрсеткіштер арқылы бағалауға болмайтынын атап өтті. Мысалы, дәрігер пациентті қабылдауға шақырып, хабарлама жібергенімен, пациент келмеуі немесе медициналық көмектен бас тартуы мүмкін. Сондықтан ақпараттық жүйеде медицина қызметкерінің нақты атқарған жұмысы да ескерілуі қажет.
Мәселенің өзектілігі медицина қызметкерлерінің тапшылығымен де байланысты. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 276 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істеген. Соған қарамастан дәрігерлер тапшылығы 23 161 штаттық бірліктен асқан.
Мұндай жағдайда дәрігердің уақытын тиімді пайдалану маңызды. Цифрлық технологиялар медицина қызметкерін қосымша әкімшілік жұмыстан босатып, пациентпен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік беруге тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, денсаулық сақтау саласын цифрландырудың басты нәтижесі жаңа жүйелердің санымен емес, дәрігердің уақытын қаншалықты үнемдегенімен өлшенуі керек. Цифрлық медицина дәрігерді компьютерге емес, пациентке жақындататын құралға айналуы қажет.