Цифрландыруға байланысты ХҚКО қызметкерлері қысқартылмайды – вице-министр

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға байланысты Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) қызметкерлерін жаппай қысқарту жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин айтты.

Фото: Kazinform

Оның айтуынша, халық ағынының азаюына байланысты қызметкерлерді басқа бағыттарға қайта бөлу қарастырылады.

– Бізде қызметкерлерді жұмыстан босату мақсаты жоқ. Халық ағыны азайған жағдайда белгілі бір көлемдегі азаматтарға қызмет көрсету үшін қанша қызметкер қажет екенін анықтайтын әдістеме бар. Осы әдістеме бойынша тұрақты түрде талдау жүргіземіз, – деді спикер.

Оның айтуынша, бұған дейін штат санын оңтайландыру бос жұмыс орындарын қысқарту және жаңа қызметкерлер қабылдауға мораторий енгізу арқылы жүргізілген. Қолданыстағы қызметкерлерді қысқартпауға басымдық беріліп отыр.

Сонымен қатар ХҚКО қызметкерлерінің бір бөлігі азаматтарға консультация беруге, бизнес-процестерді талдауға және мемлекеттік қызметтерді қайта құруға бағытталады.

Спикердің айтуынша, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру аясында ХҚКО-лардың жұмыс форматы да өзгереді.

Жаңа форматтағы цифрлық халыққа қызмет көрсету кеңселерінде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары басым болады. Мұнда құжаттандыруға арналған терминалдар және eGov GPT жүйесі орналастырылады.

– Қазіргі ХҚКО-ларда қызметкерлердің басым бөлігі азаматтардың орнына компьютер арқылы қызметтерді рәсімдейді. Жаңа форматта негізінен өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары болады. Ал онлайн форматта әзірге көрсету мүмкін емес мемлекеттік қызметтер үшін екі-үш оператор жұмыс істейді, – деді спикер.

Оның айтуынша, ХҚКО қызметкерлерінің бір бөлігі жаңа міндеттерге қайта даярланады.

– ХҚКО қызметкерлері мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдері бойынша ең құзыретті мамандардың бірі. Сондықтан олардың бір бөлігі бизнес-процестерді, мемлекеттік қызметтерді, сондай-ақ мемлекет пен азаматтар және бизнес арасындағы өзара іс-қимылды қайта құру бағыттарына қайта даярланады, – деді спикер. 

Айта кетейік, биылғы жарты жылда жұмыссыздық қанша пайыз болғанын жазғанбыз.