Биылғы 1 қаңтардан бастап ортақ зейнетақы мен барлық зейнетақы төлемдері 10%-ға индекстелді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен шамамен 4,9 трлн теңге бөлініп, 2,6 млн-ға жуық зейнеткер қамтылды.
– Индекстеу нәтижесінде жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері 105 мың теңгеге, ең жоғарысы 238 мың теңгеге жетті. Орташа зейнетақы көлемі 198 мың теңгені құрады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ көлемі 25,7 трлн теңгеге жетіп, жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 69%-ын қамтыды, – делінген Үкімет мәліметінде.
Балалы отбасыларға төленетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар да 10%-ға көбейтілді. Бұл мақсатқа 974 млрд теңге бөлініп, 1 маусымдағы жағдай бойынша мемлекеттік қолдау шараларымен шамамен 1,3 млн адам қамтылған.
Соның ішінде 149,8 мың азаматқа бала тууына байланысты 29,6 млрд теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленсе, 131,2 мың жұмыс істемейтін ата-анаға бала күтімі бойынша 21 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ 636 мың көпбалалы отбасыға 303,3 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген.
– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы 896,3 мың адамға жалпы сомасы 332,7 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем төленді. Оның ішінде еңбекке қабілеттілігінен айырылған азаматтарға, асыраушысынан айырылған отбасыларға, жұмыссыз қалған азаматтарға және жүктілік пен бала күтіміне байланысты төлемдер қарастырылған, – деп атап өтті Үкімет.
Биыл 36,4 мың отбасының құрамындағы 196,4 мың адамға жалпы сомасы 17 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен қатар мектепке дейінгі жастағы 61 мың балаға қосымша ай сайынғы төлем белгіленді.
Мүгедектігі бар 545 мың азаматтың жәрдемақысы 10%-ға өсіп, орташа мөлшері 87 мың теңгеге жетті. Инклюзивті инфрақұрылымды дамыту аясында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бейімделген нысандар саны 30 мыңға жуықтады. Сонымен бірге 12 өңірде жаңа оңалту орталықтары салынып, 10 қалада аутизмі бар балаларға арналған күндізгі орталықтар ашылды.
Жұмыспен қамту бағытында да оң нәтижелер байқалады. Шілде айындағы жағдай бойынша 249,6 мың адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 69,9 мыңы тұрақты жұмысқа қабылданса, 69,8 мыңы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.
– Жалпы құны 103,4 трлн теңгені құрайтын 3,3 мың инвестициялық жоба аясында құрылатын 426,6 мың жаңа жұмыс орны «Инновациялық жобалар навигаторы» платформасы арқылы бақыланады. Сонымен қатар 182,3 мың адам кәсіптік бағдар беру, онлайн оқыту және «Бастау Бизнес» бағдарламаларымен қамтылды, – делінген хабарламада.
Әлеуметтік қолдау жүйесін цифрландыру аясында Smart Data Ukimet платформасы 6,2 млн отбасы туралы мәліметті біріктіріп отыр. Өңірлерде 158 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Family Service Management жүйесі арқылы 30 мыңнан астам өтініш қаралып, 25 мың отбасы құқықтық және психологиялық көмек алды, ал 5 мың отбасы тұрақты патронажға алынған.
Айта кетейік, Астанада зейнетақы мен жәрдемақыны рәсімдеу жеңілдеді.