Цифрлық активтер индустриясынан ел бюджетіне қанша қаражат түсті

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті төрағасының орынбасары Мирас Зәкиев экономикадағы майнингке қатысты түсінік берді. 

— Барлық майнер аккредиттелген қазақстандық майнинг-пулдар арқылы жұмыс істеуге міндетті. Сонымен қатар, салықты әкімшілендіру тетіктері айқындалды: майнерлер мен майнинг-пулдар үшін корпоративтік табыс салығы, жеке тұлғалар үшін оның құнының өсіміне салық салу, ал криптобиржаларға корпоративтік табыс салығы. Бұған қоса, цифрлық майнерлер бюджетке цифрлық майнинг үшін төлем аударады, — деді Мирас Зәкиев Сенатта «Қазақстанда цифрлық активтер индустриясын дамыту» тақырыбын талқылау кезінде.

Сонымен қатар ол цифрлық активтер индустриясының табысына қатысты көрсеткіштерді жариялады.

— Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне қарағанда, цифрлық активтер индустриясынан 2023 жылы бюджетке шамамен 9 млрд теңге, 2024 жылы 10,4 млрд теңге, сондай-ақ 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 7,7 млрд теңге түсті. Осы орайда ұсынылған деректерге сүйенсек, цифрлық майнинг индустриясынан бюджет кірісінің өсу қарқыны байқалып отыр, — деді ол.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін, майнинг пен крипто-биржадан келетін түсім көлемі артатынын жазған едік

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 26 қарашада Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңы мен ілеспе құжатты қабылданды.

Мемлекеттік цифрлық активтерді басқару тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық стратегиялық крипторезерв құру көзделген. Бұл тетік мемлекетке цифрлық активтерді қауіпсіз есептеу және сақтауға, сонымен қатар мемлекеттік ресурс кірістілігін арттырады.