Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитеті құрылады – Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық активтер мәселесі бойынша министрліктерге тапсырма берді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform10:34

- Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық активтер нарығында бәсекеге қабілетті жағдайлар қалыптастыруы қажет. Ұсынылып отырған шешімдер Қазақстан экономикасына капиталды қайтаруға, ішкі нарықты дамытуға және халықаралық қатысушыларды белсенді тартуға ықпал етуге тиіс. Сонымен қатар Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру жұмыстарын жеделдету қажет, - деді О. Бектенов.

Оның айтуынша, цифрлық активтер индустриясын дамыту – бұл тек қаржылық реттеу мәселесі ғана емес. Аталған бағыттың негізінде заманауи технологиялар, бағдарламалық шешімдер және жоғары білікті мамандар тұр. Нарықтың дамуы ел ішінде қажетті құзыреттердің қалыптасуына ықпал етуге тиіс.

- Жасанды интеллект министрлігіне Ғылым министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құзыреттерді дамытуға және қазақстандық технологиялық компаниялардың пайда болуына қажетті жағдайлар жасауды тапсырамын. Қазақстан цифрлық активтер айналымының алаңы ғана емес, сонымен қатар осы сала үшін өз өнімдерін әзірлеп, жоғары білікті мамандарын даярлайтын ел болуы керек, - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, цифрлық қаржы құралдарын дамыту халықаралық есеп айырысу жүйесін жетілдіру бағытында жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстан үшін мұндай шешімдердің әлеуетін дер кезінде бағалап, осы бағытта өз құзыреттерін қалыптастыру маңызды. Ұлттық банк мүдделі тараптармен бірлесіп, осындай құралдарды халықаралық есеп айырысуларда қолдану мүмкіндігін пысықтауы қажет. Аталған тетіктер есеп айырысу жылдамдығын арттырып, қазақстандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ете алатын болашағы зор бағыттарды айқындауға тиіс.

- Ұлттық банк Цифрлық активтер нарығын дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірледі. Осы құжаттың қабылдануы цифрлық активтерді экономикада қолдану аясын кеңейтіп, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және заманауи әрі бәсекеге қабілетті цифрлық активтер саласын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Аталған жоспарды мақұлдауды ұсынамын. Ұлттық банк мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекет басшысының цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі Жарлығында белгіленген шаралардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін әрбір басшының дербес жауапкершілігі көзделген. Осыған баса назар аударамын, - деді Премьер-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 76 лицензияланған майнер бар