Цифрлық даму Қазақстанның келешегін айқындайды – Бағдат Мусин

АСТАНА. KAZINFORM – «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезінде сайлауалды бағдарлама бекітіліп, партия Саяси кеңесінің мүшесі Бағдат Мусин цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және мемлекеттік қызметтерді жетілдіру бағыттарындағы мақсат-міндеттерді таныстырды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның сөзінше, цифрландыру барлық саладағы қайта құрудың негізгі құралы болуы тиіс.

– Басты мәселе – технологиялардың өзінде емес, саладағы жетекшінің цифрлық трансформацияға деген қызығушылығы. Содан кейінгі негізгі фактор – барлық үдерістердің ашықтығы, – деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен қатар партия тек қазіргі үдерістерді талдауға бастамашы болып қана қоймай, мүшелерінің сарапшылық әлеуетін пайдаланып, жобаларды жетілдіруге де қатысуы керек.

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының ықпалын күшейтумен айналысамыз. Мысал ретінде Е-өтініш плаформасы едәуір ашықтықты қамтамасыз еткенін атауға болады. Енді оған толыққанды жасанды интеллект құралдарын енгізіп, одан әрі дамытамыз. Өңірдерде және елді мекендерде қандай мәселелер бар екенін зерттеуге ЖИ көмектеседі. Бірақ осы бағыттағы өзгерістер еліміздің барлық азаматына жетуі керек. Ол үшін инфрақұрылым маңызды. Түкпір-түкпірдегі елді мекендерге сапалы ғаламтор жеткізу қажет. Технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстанды дүниежүзілік технологиялық картаға енгізу мақсатында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» құрып жатырмыз, – деді Бағдат Мусин.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен бірге, ол цифрлық даму Қазақстанның келешегін айқындайтынын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін «Әділет» партиясының сайлауалды бағдармасында әлеуметтік қолдауға айрықша мән берілетінін жазғанбыз.