Цифрлық даму министрі +7 кодын қалдырудың себебін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев +7 кодын қалдырудың себебіне түсінік берді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер: «Қазақстан неліктен 7 телефон кодын қалдырды? Ресейге қарсы санкциялар аясында еліміздегі бұл жүйеге қатысты проблема болуы мүмкін бе?», - деп сұрады.

«Санкциялар бойынша алаңдаудың реті жоқ. Санкциялық мәселелердің жалпы кодқа қатысы болмайды. Шынымен де дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағын бірлесіп (Ресеймен бірге) пайдаланып жатырмыз. Алайда осы жетілік аясында бізде қосымша нөмірлеу бар және ол тек Қазақстанға тиесілі. Бұл тұрғыда « 77», « 76» бар, сондай-ақ қосымша « 70» бойынша келісімге келеміз. Бұл нөмірлеу тек Қазақстанға қатысты болады», - деді Ж. Мәдиев.

Оның айтуынша, бұған дейін телефон кодын ауыстыруға қатысты сала сарапшылармен тиісті талқылау болды.

«Сарапшылар қауымы бұл идеяның тиімсіз екенін атап өтті», - деді министр.

Еске салсақ, биыл маусым айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанның неліктен 997 кодына ауыспағанын түсіндірді.

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын сол кездегі министр Бағдат Мусин Қазақстанның 997 телефон кодына өткелі жатқанын жеткізген еді.

Ол елімізге 997 нөмірін БҰҰ бергенін және ол кодтың Қазақстан үшін неліктен сұралғанын түсіндірді.

Дегенмен былтыр қарашада Қазақстан 997 кодынан бас тартты.

Сонымен қатар Қазақстан 77 кодын өзіне алу үшін тиісті ведомстволармен келіссөз де жүргізген болатын.