«Интернетке қатысты мәселе бізде ғана емес, барша әлемде бар. Жалпы, тұрғындардың радиофобиясы барлық деңгейде байқалып отыр. Мәселен, Астананың өзінде байланыс сапасының нашарлығы байқалған 67 орын анықталды. Қазір соның 15-і бойынша мәселе толық шешілді. 20-сында тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Сонымен қатар, тағы біраз бөлігі бойынша тиісті келісімшарттарды рәсімдеуге келісім бар. Алайда 5 тұрғын үй кешенінде радиофобтар өздері тұратын үйде базалық стансаны орнатуға қарсылық танытып жатыр», - деді Б. Мусин.
Оның сөзіне қарағанда, бұны шешу үшін тиісті заң нормаларына түзету енгізу мәселесі Парламент депутаттарымен бірге талқыланып жатыр.
Осы орайда интернет барлық үйде болуы керек деген қағидат ескерілген.
«Бірақ бұған қарсылық танытатындар бар. Яғни «тұрғын үй – ол жекеменшік нысан, сондықтан оны тұрғындардың өзі шешуі керек» деген уәж айтылады. Осы бағытта тұрғындарға түсіндіріп жатырмыз. Тиісті құжатты депутаттардың қарауына енгіздік. Заң жобасын бір топ депутаттармен бірлесе ілгерілетіп жатырмыз. Жыл соңына дейін заңға қол қойылса, бұл саладағы мәселе толықтай шешіледі», - деді министр.