Цифрлық даму министрлігінің кей функциясы Ғылым министрлігіне беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірқатар функциясы Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілетін болды.

Фото: Үкімет

— Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ЦДИАӨМ-нің негізінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болады. Бұл ретте инновациялық саясат жөніндегі функциялар ҒЖБМ-ге берілетін болады. Жарлықтың жобасы органдардың келісуінде жатыр, — деді Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев. 

Мәдиевтің бұл сөзін Ғылым және жоғары білім министрі де өз баяндамасында нақтылап өтті.

— Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында инновациялық саясатқа қатысты функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілуде. Берілетін бағыттар келесіні қамтиды:

— инновациялық гранттар беру;

— өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды қаржыландыру;

— инвестициялық қорлар құру;

— арнайы экономикалық аймақтарды дамыту;

— акселерация және бизнес-инкубациялау;

— білім беру және ғылыми-технологиялық бағдарламаларды енгізу, — деді Саясат Нұрбек

Айта кетейік, бұған дейін елімізде 5 жыл ішінде 1 млн адам түрлі бағдарламалар арқылы ЖИ дағдыларын үйренетінін жазған едік.