Форумда сөз алған ЮНЕСКО-ның Құжаттық мұра бөлімінің басшысы Факсон Банда цифрлық архивтердің маңызын және жасанды интеллект пен дезинформация дәуіріндегі жаңа сын-қатерлерге тоқталды. Ол Қазақстанның әлемдік құжаттық мұраны сақтаудағы рөлін ерекше атап өтті.
— Қазақстанның құжаттық мұрасы өте бай екенін ерекше айтқым келеді, оның бір бөлігі «Әлемдік жады» бағдарламасының халықаралық тізіміне жаһандық маңызы бар мұра ретінде енгізілген, — деді ЮНЕСКО өкілі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда бүкіл әлемдегі архив мекемелері түрлі қауіп-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.
— Мәселен, архивтер табиғи және техногендік апаттар салдарынан құнды деректерден айырылып қалу қаупі сияқты түрлі сын-қатерлерге тап болып жатыр. Сондықтан оларды сақтаудың сенімді жолдарының бірі — құжаттарды цифрлық форматқа көшіру, — деді бөлім басшысы.
Дегенмен, жасанды интеллект архивтерді цифрлық түрде сақтау үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынғанымен, ол саясаткерлер, архив мекемелері және азаматтық қоғам үшін де күрделі сын-қатерлер туындатуы мүмкін екенін де жасырған жоқ.
— Жалған ақпарат пен дезинформация әлемінде архивтік құжат ақиқаттың көзі болып қала ала ма? Жасанды интеллект дәуірінде ақиқат деген не? Міне, әлемдік қауымдастық осындай сауалдар төңірегінде ойлануы тиіс, — деп атап өтті Факсон Банда.
Сол себепті, оның айтуынша, архив саласындағы өзекті мәселелерді шешудің басты жолы — халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу.
Айта кетейік, бүгін Астанада өтіп жатқан III Халықаралық архившілер конгресіне әлемнің 30 елінен 500-ден астам маман қатысып жатыр.
Бұған дейін БҰҰ өкілі цифрлық архивтер дәуірінде деректердің шынайылығы мен қауіпсіздігін сақтау талаптары күшейгенін атап өткен еді.