БҰҰ өкілі: цифрлық архивтер дәуірінде деректердің шынайылығы мен қауіпсіздігін сақтау талаптары күшейді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өткен халықаралық архившілер конгресінде БҰҰ-ның Женевадағы кітапханасы мен архивтерінің директоры Шарлотта Линдберг Варакаулле архив саласының қазіргі трансформациясы мен институционалдық жадыны сақтау мәселелеріне назар аударды.

БҰҰ өкілі: цифрлық архивтер дәуірінде деректердің шынайылығы мен қауіпсіздігін сақтау талаптары күшейді
Фото: Алтынай Сағындықова

Жиында сөз алған БҰҰ-ның өкілі Қазақстанға форумды ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, елдің халықаралық ынтымақтастықтағы рөліне жоғары баға берді.

— Ең алдымен, ҚР Президентінің Архивіне және Халықаралық архив кеңесіне осындай кең ауқымды халықаралық сарапшылар тобын жинағаны үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сондай-ақ Қазақстанның білімді сақтау, басқару және тарату саласындағы көшбасшылығын, БҰҰ жүйесі аясында өңірлік және халықаралық деңгейде диалог пен ынтымақтастықты дамытудағы жетекші рөлін атап өткім келеді, — деді спикер. 

БҰҰ өкілінің айтуынша, архив тек өткенді сақтау құралы емес, ол — халықаралық түсіністік пен ортақ тарихи жадының негізі. Сол себепті Қазақстанда өткен конгресс тек кәсіби жиын емес, жаһандық архивтік кеңістіктегі жаңа көзқарастардың тоғысқан нүктесіне айналып отыр. Бұдан бөлек, Варакаулле БҰҰ жүйесіндегі Женева архивінің тарихына тоқталды. 1919 жылы Ұлттар Лигасының кітапханасы ретінде құрылған бұл мекеме бүгінде халықаралық институттық жадыны сақтаудың негізгі орталықтарының біріне айналған. 

— Біздің міндетіміз — тек құжаттарды сақтау емес, сенімді білім мен институционалдық жадыны қамтамасыз ету, — деді ол.

Оның айтуынша, цифрландыру процесі архив саласының мүмкіндігін кеңейткенімен, жаңа сұрақтарды да алға шығарды. Атап айтқанда, деректердің түпнұсқалығын сақтау, киберқауіптерден қорғану және цифрлық мұраның ұзақ мерзімді сақталуы мәселесі өзекті болып отыр.

Осы тұрғыда ол Ұлттар Лигасының архивтерін толық цифрландырған LONTAD жобасын мысалға келтірді. Бұл бастама тарихи құжаттарды әлемдік зерттеушілер үшін ашық әрі қолжетімді форматқа айналдырған.

— Біз тек ақпаратты емес, тексерілген әрі сенімді білімді келер ұрпаққа жеткізуіміз керек, — деп атап өтті Варакаулле.

Конгресс аясындағы талқылаулар архив ісінің болашағы технологияға ғана емес, этика мен халықаралық ынтымақтастыққа да тікелей байланысты екенін көрсетті. Мамандардың пікірінше, цифрлық трансформация архивтерді жаңартқанымен, олардың негізгі миссиясын өзгертпейді — жадыны сақтау және оны дұрыс жеткізу.

Айта кетейік, бүгін Астанада Халықаралық архивтер күніне орай «Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресі өтіп жатыр. ҚР Президентінің Архиві ұйымдастырған форумға әлемнің 30 елінен 500-ден астам маман қатысып жатыр.