Астанада архив ісін цифрландыруға арналған ЖИ жобалары таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM - Астанада Халықаралық архивтер күніне орай «Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресі өтіп жатыр. ҚР Президентінің Архиві ұйымдастырған форумға әлемнің 30 елінен 500-ден астам маман қатысып жатыр.

Астанада архив ісін цифрландыруға арналған ЖИ жобалары таныстырылды
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Биылғы тақырып архив саласын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелеріне арналды.

ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина конгресс аясында алғаш рет көрме алаңы ұйымдастырылып, архившілердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге арналған заманауи технологиялық шешімдер ұсынылғанын айтты.

– Біз архившілердің күн сайын қайталанатын, көп уақыт алатын жұмыстарын автоматтандыруға мүмкіндік беретін төрт жобамызды таныстырып отырмыз. Бұл – Президент Архивінің өз әзірлемелері, – деді ол.

Олардың алғашқысы – AI Geotopography жүйесі. Бұл платформа архив қоймаларын интеллектуалды басқаруға бағытталған. Оның көмегімен архив қорларының цифрлық картасы жасалып, құжаттардың орналасу құрылымы QR-таңбалау арқылы жүйеленеді. Сондай-ақ қоймалардың техникалық паспорттарын автоматты түрде әзірлеу мүмкіндігі қарастырылған.

Екінші жоба – AI Archival Recognition System. Ол қазақ және орыс тілдеріндегі қолжазба әрі машинкамен терілген құжаттарды автоматты түрде тануға арналған. Жүйе құжаттардағы деректер мен ақпараттық өрістерді анықтап, оларды базаға айналдыруға мүмкіндік береді. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл шешім құжаттарды өңдеу жылдамдығын 40 есеге арттырған.

Үшінші бағыт – AI Mura Virtual Guide платформасы. Бұл жүйе архив материалдарымен жұмыс істеуді жаңа форматқа шығарады: пайдаланушыларға виртуалды гид ретінде қызмет етіп, құжаттармен танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол архив қорлары бойынша сұрақтарға жауап беріп, қосымша ақпарат ұсына алады.

Төртінші шешім – QuralAI Assistant интеллектуалды көмекшісі. Бұл құрал архив қызметкерлеріне құжаттарды бастапқы сараптаудан өткізуге көмектесіп, ықтимал қателерді анықтайды және жұмыс сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар береді.

– Жалпы алғанда, бұл төрт жоба архив жұмысын толық цифрлық циклге көшіруге бағытталған: сақтаудан бастап іздеу, талдау және пайдалануға дейінгі барлық кезеңді қамтиды, - Әлия Мұстафина.

Архив директорының сөзінше, бұл шешімдердің мақсаты – архив маманын алмастыру емес.

– Олар мамандардың жұмысын жеңілдетіп, уақытты көп алатын процестерді автоматтандыруға бағытталып отыр, – деп атап өтті ол.

Жалпы көрме аясында құжаттарды сақтау, цифрландыру және пайдалану бағытындағы 20-дан астам инновациялық шешім ұсынылған.

Айта кетейік, конгрестің негізгі бағдарламасы халықаралық панельдік сессиялардан тұрады. Онда архивтерді цифрландыру, жасанды интеллектіні құжаттық мұраны сақтауда пайдалану, жаңа буын архившілерін даярлау және архивтік экожүйелерді дамыту мәселелері талқыланады.

Бағдарламада ЮНЕСКО ұйымдастырған семинар мен Ұлыбритания сарапшысының жасанды интеллект технологияларын білім беру саласында қолдану тәжірибесіне арналған дәрісі де бар. Сонымен қатар MURAtalks сарапшылар клубы алаңында архив саласының өзекті әрі пікірталас тудыратын мәселелері ашық талқыланатын болады.

III Халықаралық архившілер конгресі 11 маусымға дейін жалғасады.

Еске салайық, Қазақстанда Ұлттық цифрлық архив жүйесі әзірленіп жатыр.