Цифрлық дәуірдегі ұстаз қандай болу керек – Мұғалім-инноватор

АСТАНА. KAZINFORM – Бұрынғы заманда мұғалімнің негізгі құралы – бор мен тақта болса, бүгінгі цифрлық дәуірде бұл тізімге ноутбук пен интернет, тіпті жасанды интеллект қосылды. Алайда технологияның қарыштап дамуы ұстаздар қауымына жаңа талаптар жүктеп отыр. Жасанды интеллектіні сабақ барысында қалай тиімді қолдану керек? Мұғалімдердің қағазбастылықтарынан арылуына нейрожелілер қалай көмектеседі? Осы сұрақтар төңірегінде Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында 10 мыңнан астам ұстазды цифрлық сауаттылыққа баулыған мұғалім-инноватор Темірбек Сағындықов жауап берді.

Фото: Видеодан алынған скрин

Көптеген мұғалімдер ЖИ платформаларының ағылшын тілінде болуын үлкен кедергі деп санайды. Бірақ инноватор мұғалімнің айтуынша, кез келген ресурсты қазақ тіліне аударып, икемдеп алуға мүмкіндік бар. Ең бастысы – ЖИ-ге дұрыс сұрақ қоя білу, яғни «промт» жазу дағдысын меңгеру.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Егер мұғалім ЖИ-ге сауалды нақты әрі сауатты қоя білсе, соңында сапалы материал алады. Біз ұстаздарға «Мұғалімнің жұмыс парақшасы генераторы» сияқты арнайы жүйелермен жұмыс істеуді үйретеміз. Бұл нейрожелілер сабақ жоспарын, көрнекіліктер мен деңгейлік тапсырмаларды аз ғана уақытта дайындап береді. Нәтижесінде мұғалім қағаз бастылықтан арылып, босаған уақытын баланың тәрбиесіне, олармен тікелей жұмыс істеуге арнай алады, – дейді Темірбек Сағындықов.

Сонымен қатар білім саласындағы ең ауыр мәселенің бірі – ауыл мен қала мектептеріндегі сапа алшақтығы. Темірбек Сағындықовтың пайымдауынша, дәл осы ЖИ – бұл мәселенің оңтайлы шешімі. 

Фото: Видеодан алынған скрин

– ЖИ-дің мүмкіндіктері ауыл мен қала білімін теңестіруге қауқарлы. Егер ауыл мұғалімі промт жазуды меңгерсе, қымбат құрылғысыз-ақ виртуалды зертханалар, онлайн стимуляциялар мен интерактивті платформалар арқылы оқушыға заманауи білім бере алады. АҚШ-та жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, ЖИ мен инновацияларды қолданатын мұғалімдер өз жұмысына сенімдірек болады екен, – деп атап өтті инноватор.

Бұл тұста көптеген ата-аналар «баламыз тапсырманы ЖИ-ден дайын күйінде көшіріп алады» деп алаңдайды. Алайда маманның айтуынша, технологиядан қашқаннан ештеңе ұтпаймыз. Керісінше, тапсырмалардың мазмұнын өзгерту керек.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Оқушының ЖИ қолдануынан қорқудың керегі жоқ, оны дұрыс, сауатты пайдалануды үйретуіміз қажет. Қазір тапсырмалардың форматы өзгеруі тиіс. Егер мұғалім цифрлық құралдарды қолдана отырып орындалатын креативті тапсырмалар берсе, оқушы ЖИ-ді көмекші құрал ретінде пайдаланып, өз жобасын жасайды. Иә, ЖИ қате жіберуі мүмкін, сондықтан пән мұғалімі генерацияланған материалды міндетті түрде тексеріп, үстінен қарап шығуы тиіс, – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, қырғызстандық сарапшылар ЖИ Қазақстандағы білім сапасын арттыратынын айтқан болатын