Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында цифрландыруды ел дамуының стратегиялық басымдығы деп атап, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын қорғау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі баса айтады. Бұл аймақтардағы, соның ішінде Түркістан қаласындағы медицина саласына серпін беріп, денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ірі жобаларға жол ашты.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірдің қала мен аудан деңгейіндегі мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдары толықтай «Дамумед» медициналық ақпараттық жүйесіне қосылды. Сонымен қатар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы «Көмек» медициналық ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс істейді. Екі жүйені өзара интеграциялау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл – науқастарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырумен қатар медициналық ақпараттың нақты әрі жедел жеткізілуін қамтамасыз ететін маңызды қадам. «Дамумед» жүйесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің орталық ақпараттық платформаларымен және e-gov порталымен үйлестіріліп, мәлімет алмасу тиімділігі арттырылды.
Президент Жолдауында атап көрсетілгендей, өңірлік медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігі – ұлттық денсаулық сақтау саясатының басты бағыты. Түркістан қаласында бұл міндет нақты шаралар арқылы орындалып жатыр. Қала және аудан орталықтарындағы емханалар мен ауруханалар сапалы интернет желісімен толық қамтылды, заманауи компьютерлік техника орнатылды. Бұл өз кезегінде дәрігерлердің күнделікті жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, ауыл тұрғындарының да медициналық ақпараттарға дер кезінде қол жеткізуін қамтамасыз етті.
Медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Дәрігерлер мен орта буынды медицина қызметкерлері цифрлық жүйелермен жұмыс істеу дағдылары бойынша кешенді оқытудан өтті. Бұл қадам кадрлық әлеуетті нығайтып, жаңа технологияларды дұрыс қолдануға мүмкіндік берді. Қала тұрғындары электрондық денсаулық паспорттарымен толық қамтамасыз етілді. Енді әрбір азамат өзінің денсаулығына қатысты деректерді онлайн қарап, дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылып, үйге шақыру немесе медициналық анықтамаларды электронды форматта алу мүмкіндігіне ие. Бұл – Мемлекет басшысы атап өткен «Халыққа қолайлы және ашық мемлекеттік қызмет көрсету» қағидатының нақты көрінісі.
Түркістан қаласы цифрлық медицинаны дамытумен қатар, келешек технологияларды да енгізуді көздеп отыр. 2026 жылға дейін өңірдегі барлық медициналық ұйымдарды жасанды интеллект элементтерімен және ПАКС (медициналық кескіндерді архивтеу және жіберу жүйесі) жүйесімен жабдықтау жоспарланған. Жасанды интеллект диагностикалық процестерді жеделдетіп, зерттеу нәтижелерін өңдеуде дәрігерлерге көмек көрсетеді. Мысалы, рентген немесе УДЗ суреттерін автоматты түрде талдап, ықтимал диагноздарды алдын ала ұсына алады. Бұл – медициналық шешімдердің дәлдігін арттыруға мүмкіндік беретін озық бағыт.
Сонымен бірге қағазсыз құжат айналымына көшу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Емханалардағы тіркеу бөлімдерінде және күту залдарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары орнатылды. Онда науқастар дәрігер қабылдауына онлайн жазылып, электронды анықтама алып, зертханалық нәтижелерді қарай алады. Сондай-ақ әрбір емханада цифрлық кеңес беру посттары жұмыс істейді. Бұл посттардың мамандары тұрғындарға жаңа сервистерді пайдалануды үйретіп, туындаған сұрақтарға жедел жауап беріп отырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Азаматтардың өмір сапасын арттыру – реформалардың басты өлшемі. Әрбір қазақстандық дер кезінде, сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алуы керек. Бұл – әділетті қоғамның басты шарты» деген сөзі Түркістан өңіріндегі цифрлық реформалардың негізгі ұстанымына айналды.
Қаладағы емханалар мен ауруханаларға енгізілген жаңа жүйелер тек дәрігерлердің жұмысын оңтайландырумен шектелмейді. Олар халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтады. Бұрын ұзақ кезекте тұрып, қағаз құжаттарды іздеуге кететін уақыт енді қысқарып, электронды жазылу мен онлайн қорытындылардың арқасында қызмет көрсету мерзімі бірнеше есеге азайды.
Цифрлық технологиялар медициналық статистиканы жүргізуді де жеңілдетті. Денсаулық сақтау басқармасы нақты және жедел мәліметтер негізінде жоспарлау мен талдау жұмыстарын жүргізіп, ресурстарды тиімді бөлуге мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде өңірлік медицина инфрақұрылымын дамытуға оң әсерін тигізеді.
Жаңғыру тек технологиялық деңгейде емес, сонымен бірге мәдени тұрғыдан да жүріп жатыр. Дәрігерлер мен тұрғындар арасындағы өзара сенім мен серіктестік нығайып, медицинадағы ашықтық пен жауапкершілік арта түсті. Президент Жолдауларында айтылғандай, цифрлық шешімдер тек құрал ғана емес, ол – қоғамның дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын көтерудің маңызды тетігі.
Түркістан қаласында қолға алынған бастамалар – «Әділетті Қазақстан» идеясын нақты іске асыратын жобалардың айқын мысалы. Цифрлық медицина халыққа жақындай түсіп, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтып жатыр. Алдағы жылдары жасанды интеллект, смарт-диагностика, мобильді қосымшалар және телемедицина секілді жаңа мүмкіндіктер іске қосылғанда, өңір тұрғындары заманауи денсаулық сақтау жүйесінің артықшылықтарын толық сезінетін болады.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері атап өткендей, бұл жұмыстар тек жергілікті деңгейде емес, ұлттық ауқымдағы реформалармен үйлесімді жүргізіліп жатыр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы міндеттердің орындалуы – Түркістан өңірін озық тәжірибелердің орталығына айналдырады.
Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде жүзеге асып жатқан бұл өзгерістер медицина саласының тиімділігін жаңа деңгейге көтеріп, халық денсаулығын қорғауға бағытталған игі істердің жарқын үлгісі болып отыр.