Цифрлық қаржы активтерінің айналымына арналған ұлттық сауда платформасы іске қосылмақ

АСТАНА. KAZINFORM – 2030 жылға дейінгі сақтандыру және қор нарығын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Фото: freepik.com

- Қаржылық реттеу агенттігімен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі сақтандыру және қор нарығын дамыту бағдарламасын әзірлейміз. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша агенттік пен Ұлттық банк сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы туралы екі жаңа заң әзірлейді. Қаржы активтерін токендеу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, цифрлық қаржы активтерінің айналымына арналған ұлттық сауда платформасын іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді Тимур Сүлейменов Үкіметтің өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау барысында.

Оның мәліметінше, лицензияланған цифрлық активтер қызметінің провайдерлері арқылы ұлттық цифрлық активтер инфрақұрылымы аясында криптоактивтердің заңды айналымын 20 млрд долларға дейін арттыру көзделеді.

- Бұл қадамдар қаржы жүйесінің, экономиканың және еліміздің сапалы әрі тұрақты дамуына маңызды үлес қосатынына сенімдіміз. Біздің басты мақсатымыз – инфляцияны төмендетіп, ұлттық экономиканы әртараптандыруды қамтамасыз ету, азаматтардың нақты табысын арттырып, отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін айқын және қолайлы орта қалыптастыру, - деді Ұлттық банк төрағасы.

Айта кетейік, 2025 жылы еліміздің алтын-валюта резервтері 42,8 пайызға өсті.