Оның айтуынша, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты азаматтардың жеке деректерін қорғау өзекті мәселеге айналып отыр.
— Цифрлық кеңістікте адамның жеке мәліметтерінің таралу қаупі бар. Сондықтан бұл саладағы жауапкершілік күшейтіліп отыр. Мемлекет азаматтарға заң арқылы кепілдік береді. Егер цифрлық кеңістікте құқыққа қол сұғу немесе өзге де келеңсіз жағдайлар болса, азаматтардың құқығы заңмен қорғалады, — деді Серік Ақылбай.
Спикердің сөзінше, цифрлық технологиялардың дамуы азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін де жетілдіруді талап етеді.
— Цифрлық технологиялар бүкіл әлемде қарқынды дамып келеді. Қазақстан да бұл бағытта алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Сондықтан цифрлық кеңістіктің дамуы азаматтарға зиян келтірмеуі керек. Осыны ескере отырып, Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты тиісті нормалар көзделген, — деді Серік Ақылбай.
Айта кетейік, бұған дейін жаңа Конституция жобасында Халық кеңесіне заңнамалық бастама көтеру және республикалық референдум өткізуді ұсыну құқығы берілетіні туралы жазғанбыз.