Цифрлық майнинг пен электр энергиясына қатысты мәселе қалай шешіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов цифрлық майнинг пен электр энергиясына қатысты қандай жоба іске асатанын айтты.

Фото: ASIA-Plus

- 18 шілдеде Үкімет стратегиялық цифрлық майнинг механизмін бекітті. Механизм бойынша инвестор өз қаражатына жабдық әкеліп, деректерді өңдеу орталығын салады. Энергияны электр станциядан тікелей шарт арқылы сатып алады. Баға электр станциясының қолданыстағы тарифі бойынша белгіленеді. Бұл ретте электр станциясы тарапынан қосымша шығындар немесе жеңілдіктер талап етілмейді. Оның орнына майнерлер өндірілген цифрлық активтердің 10%-ын крипторезервке береді. Жобаның жалпы жоспарланған қуаты 300 мегаватт. 12 қыркүйекте қуаты 90 мегаватт болатын алғашқы стратегиялық цифрлық майнинг жобасы іске қосылды. Жоспар бойынша, бұл жобаның 7 жыл ішіндегі жалпы экономикалық әсері 156 млн АҚШ долларын құрайды, - деді Ғ. Байтұрсынов.

Келесі бағыт - «70/30» бағдарламасы. Бағдарламаның мақсаты - жаңа электр қуатын салуға жеке инвестиция тарту. Бұл жоба аясында инвестордың жаңа станция салуға немесе қолданыстағы станцияның қуатын арттыруға мүмкіндігі бар. Көбейтілген қуаттың 70 пайызын инвестор майнерлерге және басқа да ірі тұтынушыларға тікелей сата алады. Ал қуаттың қалған бөлігі Ұлттық энергетикалық жүйесіне беріледі.

- Осылайша, цифрлық майнинг электр энергиясына қосымша сұраныс қалыптастырады. Бұл жаңа генерация салуға және инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осы жобаға қызығушылық танытқан инвестор айқындалды. Оның жоспары бойынша Екібастұз қаласында 100 мегаватт көлемінде жаңа қуат көзін салу көзделген. Инвестиция көлемі шамамен 65 млрд теңгені құрайды, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 76 лицензияланған майнер бар