Цифрлық өркениетке қадам: Павлодар өңірі маңызды майнинг орталықтарының біріне айналады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірі өмірдің барлық маңызды саласына цифрлық шешімдерді жеделдетіп енгізуге бағыт алды. Алдағы жылдары оң өзгерістерді халық сезіне алуы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Қазақстан үш жылдың ішінде цифрлық елге айналуы керек» деп нақты мақсат қойғаны белгілі. Бұл бағыттағы алғашқы және нақты қадамдардың бірі — өмірдің кез келген саласын цифрландыру. Ертіс бойында бұл міндетке негізделген іс-қимыл жоспарлары түзіліп, іске аса бастады.
Облыс орталығында Президент Жолдауын жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған облыс активі, депутаттар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Павлодар өңірінде «Digital Qazaqstan» стратегиясы бойынша «Smart Region» тұжырымы әзірленіп жатыр. Бұл аймақтағы негізгі салаларды цифрлық транформациялауға бағытталған. Қазірдің өзінде қоғам, жол, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген «SmartCity Pavlodar» және «Қауіпсіз қала» жобалары өміршең етілуде. Бұл жобалардың әр тармағында жасанды интеллекті элементтері енгізілгенін айтып өтуіміз керек.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өз сөзінде «Цифрлық қадам — жаңа өркениеттердің кілті» екенін атап өтті. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалардың цифрлануға бет бұруы мемлекет ішіндегі оң қадамдарды айғақтайды. Ең бастысы, әр тұрғын оң өзгерістерді сезіне алуы керек.
Өңірлік цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында жасанды интеллекті технологиясын қолдану арқылы спутниктің мониторинг әдістері енгізіледі. Жер ресурстарының цифрлық картасы жасалады. Бұған қоса облыстың индустриалды ерекшелігін ескере отырып, алдағы уақытта өнеркәсіптік кәсіпорындарға цифрлық сауаттылық бойынша аудит жүргізу ұсынылған. Мұндай әдіс-амал кәсіпорын құрылтайшыларының цифрлық модернизациялауға көңіл аударуына және өндіріске жасанды интеллектіні өндіріске енгізулеріне түрткі болады деген сенім зор.
— Жеделдетілген цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу — талшықты-оптикалық желілерді, мобильді байланысты, сондай-ақ «Starlink» және «OneWeb» сияқты төмен орбиталық жүйелерге негізделген спутниктік байланысты дамытуды көздейді. Ол өз кезегінде қомақты инвестициялар тартуды талап етеді. 2024 жылы «Starlink» технологиясы облысымыздың 33 мектебінде енгізілді, жылдың соңына дейін осы технологияға қалған 42 мектеп қосылады. Осылайша, ауыл мектептерін сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасы толық орындалады. Бұған қоса Павлодар қаласының барлық инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдарына мониторинг жүргізетін «интерактивті жылу» картасы әзірленуде, — дейді цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.
Майнинг және криптовалюта айналымын реттеуге бағытталған бірқатар бастамалар да қолға алынып жатыр. Өңірдің жоғары энергетикалық әлеуеті ескеріліп, мемлекеттік майнинг орталықтарының бірі болу міндеті қойылып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Екібастұз қаласында заманауи деректерді өңдеу орталығын салу жұмыстары жүргізілуде.
Атап өтерлігі, инфрақұрылым саласын модернизациялау барысында да цифрлық бастамалар барынша ескерілуде. Мысал үшін «Ақсу — Дегелен — Жаңа Семей» теміржол учаскесінің 352 шақырымына автобұғаттау жүйесі енгізілсе, Павлодардағы әуежайды заманға сай жаңғыртуда соңғы озық цифрлық технологиялар қолданылып жатыр. Жалпы 2028 жылға дейін әуе көлігін дамыту үшін облыста 34,7 млрд теңге игерілуі керек.
Цифрлық мүмкіндіктерді толыққанды енгізу үшін энергетикалық әлеуетімізді арттыру да маңызды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжиновтың мәліметінше, Екібастұзда № 3 ГРЭС құрылысын салу, № 2 ГРЭС-те № 3 және № 4 энергия блоктарын тұрғызу, Павлодардағы № 2 ЖЭО-да қуаттылығы 120 МВт болатын үш бірдей турбинаны жаңарту өңірдегі электр энергиясы өндірісін алдағы жылдары 60%-ға ұлғайтады. Аймағымызды газдандыруға да қадамдар жасалып отыр. Алдын ала есептеулер көгілдір отын бойынша аймақтың жылдық тұтынысы — 1,5 млрд текше метр болатынын байқатты. Газды Ресейден тасымалдау жоспарланған. Бұл саладағы жабдықтарды да жасанды интеллекті көмегімен басқаруға мән беріледі.
Еске сала кетейік, Энергетика министрлігі тарифтерді басқару бойынша цифрлық сервисті іске қосты.