«Цифрлық сауаттылық және ЖИ»: Алматыда мектеп бағдарламасына қандай жаңашылдық енгізілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 362 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді.

Фото: Алматы әкімдігі

Қыркүйек айынан бастап балалар мектеп партасына қайта отырды. Алматы әкімдігінің мәліметінше, биыл мегаполистегі білім ордаларының табалдырығын 32 мың оқушы алғаш рет аттады. Қала бойынша жалпы тәлімгердің саны 356 мыңға жуықтайды.

Фото: Алматы әкімдігі

Осы орайда, Kazinform агенттігі Алматы қаласының білім басқармасына сауал жолдап, биылғы мектеп бағдарламасына қандай өзгеріс енгізілгенін анықтады. Ведомство басшысының орынбасары Гүлнұр Кәрімғажының айтуынша, 2026–2027 оқу жылында Алматы мектептерінде оқу бағдарламаларына республикалық деңгейде енгізілген бірқатар өзгерістер қолданысқа енді. Негізгі жаңашылдықтардың бірі – жасанды интеллект элементтерінің оқу бағдарламаларына жүйелі түрде енгізілуі.

- Бұл ретте «Жасанды интеллект» жеке пән ретінде енгізілген жоқ, оның мазмұны қолданыстағы пәндерге кіріктірілді. Атап айтқанда, 1–4 сыныптарда «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» болып өзгертілді. 5–11 сыныптарда «Информатика және жасанды интеллект» пәні оқытылады. оқушылар ЖИ құралдарын пайдалану, промпт құрастыру, ақпаратты сыни бағалау, киберқауіпсіздік, машиналық оқыту, нейрондық желілер және деректерді талдау негіздерімен танысады, - деді ол.

Фото: Алматы әкімдігі

Одан бөлек биыл 9–11 сыныптарда «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны жаңартылып, 10–11 сыныптарда міндетті пән ретінде оқытыла бастады. Ал 10–11 сыныптарда «Бастапқы әскери даярлық» жаңартылған бағдарлама бойынша жүргізіледі.

Сонымен қатар Гүлнұр Кәрімғажы 5–7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8–11 сыныптарда «Заң мен Тәртіп», 5–11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курстары енгізілгенін атап өтті.

Бейіналды даярлық 7-сыныптан бастап физика, химия, биология, STEM және робототехника бағыттарында зертханалық және жобалық жұмыстар арқылы жүргізіледі. 10–11 сыныптарда қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттар сақталады.

«Жасыл мектеп» және экологиялық тәрбие

Білім басқармасының мәліметінше, экологиялық тәрбие Алматы мектептерінде жеке оқу пәні ретінде емес, тәрбие жұмысының құрамдас бөлігі ретінде жүзеге асырылады. 2026–2027 оқу жылында «Таза мектеп – таза қоғам», «Азамат NEXT» және GREEN UP («Жасыл мектеп») жобалары іске асырылып жатыр.

- Олар сынып сағаттарын, эко-минуттарды, экологиялық акцияларды, волонтерлік бастамаларды, қалдықтарды бөлек жинауды және көгалдандыру жұмыстарын қамтиды. №224 мектеп базасында Алматыдағы алғашқы мобильді интерактивті экологиялық зертхана – «Эко-Трак» таныстырылды. Жоба балаларға қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үдерісін тәжірибе жүзінде көрсетуге бағытталған, - деп хабарлады басқарма өкілдері.

«Жеке қауіпсіздік» сабақтары

Фото: Алматы әкімдігі

Гүлнұр Кәрімғажының сөзінше, қала мектептерінде ерекше назар аударылатын бағыт - қауіпсіздік. Алайда төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік бойынша сабақтар Алматы мектептерінде жеке пән ретінде емес, тәрбие жұмысы, сынып сағаттары, арнайы бағдарламалар және практикалық оқу-жаттығулар арқылы жүргізіледі.

- 2025–2026 оқу жылында «КӨМЕК» бағдарламасы 1–11 сыныптарда іске асырылып, жылына 34 сағат қарастырылды. Бағдарлама жер сілкінісі, өрт, сел және көшкін, су тасқыны және басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды қамтыды. Сонымен қатар 2025 жылғы қыркүйектен бастап сынып сағаттары аясында 10 минуттық «Жеке қауіпсіздік» сабақтары өткізілді. Биыл бұл жұмыс жалғасады, - деді ол.

Биыл практикалық дағдыларға басымдық берілмек. Оның ішінде оқушыларға жер сілкінісі кезінде қауіпсіз орынды анықтау, эвакуациялау және айналасындағыларға көмектесу дағдылары қамтылған.

Шахмат сабақтары

Сонымен қатар биылғы оқу жылында Алматы қаласында «Білім берудегі шахмат» жобасына 86 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп қатысып жатыр.

Басқарма мәліметіне сәйкес, шахмат 1–4 сыныптарда оқу жоспарының вариативтік компоненті есебінен енгізіледі. Жоба оқушылардың логикалық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған.

- Алдағы уақытта жобаға қаланың барлық мектептерін кезең-кезеңімен тарту жоспарланған, - деп нақтылады ведомство өкілдері.

Ұстаздар мен оқушылар ЖИ-ді қалай қолданады

Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Кәрімғажы бұған дейін айтылған ЖИ сабақтарынан бөлек 8–9 және 10–11 сыныптарға арналған ЖИ негіздері бойынша 15 элективті курс әзірленгенін атап өтті. Айтуынша, олар бүгінде қолданысқа енгізілген. Оған қоса 60 пилоттық мектепте робототехника және STEM зертханаларын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда оқушылар ЖИ алгоритмдері, машиналық оқыту, алгоритмдеу және робототехниканы практикалық тұрғыда меңгереді.

Фото: Алматы әкімдігі

Ведомство өкілі мұғалімдер жұмысына да жеке тоқталды. Ол педагогтерге оқу-тәрбие процесінде ЖИ құралдарын оқыту сапасын арттыру және жұмыс тиімділігін жақсарту мақсатында пайдалануға мүмкіндік берілгенін айтты.

- Бұл бағытта өткен оқу жылында Алматыда 100-ден астам семинар, вебинар, шеберлік сыныбы мен практикум өткізіліп, 5 мыңнан астам педагог қамтылды. 463 білім беру ұйымында ChatGPT Edu іске қосылып, 4 647 педагогке қолжетімділік берілді. Оның ішінде 4 301 педагог ЖИ құралдарын белсенді пайдаланып жатыр, - деп атап өтті Гүлнұр Кәрімғажы.

Оның сөзінше, ЖИ мұғалімнің кәсіби қызметін алмастыру үшін емес, сабаққа дайындық, оқу материалдарын әзірлеу, тапсырмалар мен презентациялар дайындау, цифрлық және интерактивті ресурстар жасау сияқты жұмыстарда көмекші құрал ретінде пайдаланылады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ашылған жаңа «Келешек мектептері» туралы жазғанбыз.