Оның айтуынша, цифрлық таңбалау ел экономикасын толық цифрландыру жолындағы маңызды тетіктің біріне айналды. Алғашында түрлі сауал мен күмән тудырған жоба бүгінде жеке сала ретінде қалыптасып келеді.
– Таңбалау оңай жоба болған жоқ. Бастапқыда оған сеніммен қарағандар көп емес еді. Қазір бұл тұтас бір индустрияға айналды. Келесі қадам – толыққанды цифрлық экономикаға көшу. Осы бағыттағы бастамаларды ілгерілету үшін жақын арада цифрлық экономика қауымдастығын құруды да жоспарлап отырмыз. Бір жыл бұрын небәрі үш тауар санаты таңбаланса, қазір олардың саны жетіге жетті, – деді Қуанышбек Есекеев.
Президент көмекшісі цифрлық таңбалаудың алғашқы нәтижелері, әсіресе, фармацевтика саласында байқалғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл жүйе арқылы дәрі-дәрмек айналымын реттеуге және мемлекеттік сатып алу кезіндегі заңсыздықтардың жолын кесуге болады.
– Таңбалаудың арқасында дәрі-дәрмек саласында, мемлекеттік тапсырыс аясында біршама тәртіп орнағаны қуантады. Жыл ортасындағы статистика есімде. Денсаулық сақтау министрлігі көптеген контрафактілік өнімді, тіпті мемлекеттік мекемелерге тиесілі болуы тиіс дәрілерді де анықтаған еді. Осы бағытта күрес басталды, – деді ол.
Сонымен қатар цифрлық таңбалау темекі өнімдері мен сыра сияқты акцизделетін тауарлардың айналымын бақылауға мүмкіндік береді. Биыл қыркүйек айынан бастап жүйеге биологиялық белсенді қоспалар да енгізіле бастады. Қуанышбек Есекеев мұның маңызы зор екенін атап өтті. Өйткені мұндай өнімдердің нарықтағы үлесі ауқымды әрі сапасы тұтынушылардың денсаулығына тікелей әсер етеді.
Цифрландырудағы келесі маңызды қадамдардың бірі – Ұлттық тауарлар каталогын енгізу. Бұл жүйе Қазақстан нарығындағы өнімдердің бірыңғай тізімін қалыптастырып, олардың шығу тегі мен айналымын бақылауға жол ашады.
Президент көмекшісінің айтуынша, тұтынушы дүкен сөресіндегі тауардың қандай өнім екенін және қайдан жеткізілгенін білуі керек. Бұдан бөлек, тауардың бір бөлігі түбіртекте көрсетілмей қалатын жағдайлардың да жолы кесілмек. Қазір өнім туралы мәліметтің сауда түбіртегінде толық әрі дұрыс көрсетілуіне қатысты талаптар енгізіліп жатыр.
– Мұндай жобалар неғұрлым көп жүзеге асса, экономикамыз да соғұрлым жылдам цифрлық жүйеге көшеді. Сонда тауар ағынын сәйкестендіру, есепке алу және қозғалысын қадағалау арқылы толық бақылауға мүмкіндік туады, – деді Қуанышбек Есекеев.
Ол цифрлық таңбалаудың адал кәсіпкерліктің дамуына да оң ықпал етіп отырғанын айтты. Атап айтқанда контрафактілік өніммен күрестің нәтижесінде шетелдік аяқкиім брендтері Қазақстан нарығына ресми түрде шығуға белсенділік таныта бастаған.
Алдағы уақытта тауар айналымын цифрландыруға бағытталған жобалар жалғасын тауып, тиісті бастамаларды ілгерілету үшін цифрлық экономика қауымдастығын құру көзделіп отыр.
Еске салсақ, Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарына міндетті таңбалау енгізіледі.