Цифрлық технология балалар мен жастардың денсаулығына кері әсер етіп жатыр - Нейрохирург

Фото: Рауан Айтелінің жеке мұрағатынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 95 жылдық тарихы бар ҚР Президенті іс басқармасы Медицина орталығы ұлттық госпиталінің нейрохирургия бөлімшесінде білікті жастардың қатары аз емес. Соларды бірі – Рауан Айтелі. Жас дәрігер медицина қызметкерлері күні қарсаңында Kazinform агенттігінің тілшісіне мамандығының ерекшелігі туралы айтып берді.

Дәрігердің айтуынша, нейрохирургия – медицинадағы ең күрделі әрі жауапкершілігі жоғары бағыттардың бірі.

– Адам миы мен жүйке жүйесі — адам ағзасындағы маңызды және тылсым жүйе. Нейрохирург болу — тек кәсіби шеберлік қана емес, аса табандылық пен дәлдікті талап ететін мамандық. Нейрохирургияның басқа салалардан ерекшелігі – жоғары технологияларды жиі қолданады. Мысалы, микроскопиялық хирургия, нейронавигация, эндоскопиялық әдістер және операция кезіндегі нақты нейрофизиологиялық бақылау. Бұл салада әрбір миллиметр маңызды, сондықтан нейрохирургтан тек кәсіби шеберлік емес, сонымен қатар өте жоғары зейін, төзімділік және шұғыл шешім қабылдау сияқты қабілет талап етіледі, - деді дәрігер.

Сонымен қатар ол аталған мамандық иесі үздіксіз оқып, жаңалықтарды меңгеріп отыру керектігін жеткізді. 

Фото: Рауан Айтелінің жеке мұрағатынан

– Оның басты қиындығы – нейроанатомияның аса күрделілігі мен дәлдікті қажет ететін құрылымдармен жұмыс істеуінде. Мидағы немесе жұлындағы аздаған мәселенің өзі адамның сөйлеу, көру, қимыл-қозғалысы сияқты негізгі функцияларына ауыр зардап келтіруі мүмкін. Заман ағымына қарай нейрохирургия саласы үнемі дамып, жаңа зерттеулер мен инновациялармен толықтырылып отырады. Бұл мамандық иесінен үздіксіз оқып, жаңалықтарды меңгеріп отыруды талап етеді, - деп атап өтті спикер.

Нейрохируг қазір ауру түрлерінің «жасарып» бара жатқанын тілге тиек етті. 

Фото: Рауан Айтелінің жеке мұрағатынан

– Бұл – медициналық және әлеуметтік тұрғыда алаңдататын құбылыс. Мысалы, бұрын тек егде жастаға адамдарда болатын гипертония, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары қазір жастар мен жасөспірімдер арасында да жиі кездеседі. Бұл жағдайдың бірнеше себебі бар. Біріншіден, өмір сүру салтының дұрыс болмауы. Атап айтқанда физикалық белсенділіктің төмендеуі, фастфуд пен зиянды тағамдарды жиі тұтыну. Екіншіден, экологиялық факторлар мен техногендік әсерлер. Үшіншіден, күйзеліс пен психоэмоционалды жүктеме. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мен гаджеттерге тәуелділік те балалар мен жастардың денсаулығына кері әсер етіп жатыр, - деп атап өтті Рауан Айтелі.

Дәрігер алғаш рет операцияға қатысқан кезі туралы айтып берді. 

Фото: Рауан Айтелінің жеке мұрағатынан

– Ерекше әсер қалдырды. Қатты қобалжыдым, бірақ тәлімгерлерімнің қолдауы мен команданың кәсіби біліктілігін сездім, сабырлы болуға тырыстым. Әсіресе, хирургтың нақты қимылдары мен жұмысқа деген ынтасы есімде қалды. Сол сәттен бастап бұл мамандықтың қаншалықты маңызды әрі күрделі екенін терең түсіндім. Нейрохирургия саласында аға буын дәрігерлерден өте көп нәрсені үйреніп келемін. Ең алдымен, олардың кәсіби жауапкершілігі мен әрбір науқасқа деген ерекше жанашырлығын үлгі тұтамын. Сонымен қатар күрделі жағдайларда тез әрі дұрыс шешім қабылдау, сабырлық сақтау, ұсақ-түйекке дейін мән беру сияқты қасиеттерін бойыма сіңіріп жатырмын. Олардың тәжірибесі мен білімі – мен үшін үлкен мектеп, - дейді ол.

Спикер кәсіби біліктілік пен адами құндылық қатар жүрсе ғана шынайы бақытқа жетуге болатыны атап өтті.

– Ең үлкен арманым — өз салам бойынша білікті маман болып, халыққа адал қызмет ету. Екінші арманым - отбасымда да береке мен бірлікті сақтау. Қандай салада болса да кәсіби біліктілік пен адами құндылықтар қатар жүрсе ғана шынайы бақытқа жетуге болады деп ойлаймын. Жұмыс пен отбасында да тепе-теңдік сақтап, екі бағытта да жауапкершілікті сезіну мен үшін аса маңызды, - дейді дәрігер.

Осыған дейін Президент Іс басқармасының қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталғаны туралы жазған едік. 

Сондай-ақ 2023 жылы Совмин ресми түрде Ұлттық госпитальге айналғаны туралы жазған болатынбыз.