Цифрлық технологиялар әділет саласындағы қандай лауазымдарды қысқартуы мүмкін

Фото: Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM –  Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында цифрлық технологиялар әділет саласындағы қандай лауазымдарды қысқартуы мүмкін екенін айтты.

- Бүгін Премьер-министр сізге цифрлық технологиялардың көмегімен мемлекеттік аппараттағы артық адамдар мен құрылымдарды қысқартуды тапсырды. «Артық» адамдардың артық екенін қалай анықтайсыздар? Жалпы неше адамды қысқарту жоспарда бар? - деп сұрады журналист.

Министр әділет саласында жұмысшы саны қысқаруы мүмкін бағыттарды атады.

- Біз осы жұмысты қатарымен жүргіземіз. Үкімет отырысында бірқатар ұсыныстарды айттым. Әсіресе сот сараптамасы жүйесінде проблема бар. Содан кейін сот орындаушылардың арасында болып жатқан проблемаларды айттым. Соның бәрін цифрландырып, робот сот орындаушылардың арқасында бірқатар лауазымдарды қысқартсақ деген ойымыз бар, - деді Ерлан Сәрсембаев.

Ведомство басшысы бұл мәселеде түбегейлі шешім қабылдау үшін әлі талдау жүріп жатқанын айтты.

- Министрліктің саясаты – халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру. Сол тезистің арқасында біз көрсетілген қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеміз. Яғни, қысқарту басты назарда емес. Бірақ қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін бірқатар лауазымды қысқартуға дайынбыз. Оны нақты айту үшін цифрландырылған пилоттық жобалардың қаншалықты сәтті іске асатынын көруіміз керек, - деді министр.

Айта кету керек, Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік аппараттағы артық адамдарды цифрландыру арқылы қысқарту керектігін мәлім етті.