Осы бағыттағы перспективалы жобалардың бірі — жасанды интеллект элементтері бар интеллектуалды бейнеаналитика жүйелерін қолдану. Жаңа технологиялар әскери бөлімдердегі ахуалды тәулік бойы бақылауға, ықтимал қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға, белгіленген тәртіптің бұзылуын тіркеуге және тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты лауазымды тұлғаларды жедел хабардар етуге мүмкіндік береді.
Әскерде әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Әскери бөлімдерге келген мерзімді әскери қызметшілері жас жауынгер курсынан және әскери қызмет жағдайларына бейімделу бағдарламасынан өтеді. Жеке құрамның психологиялық жай-күйін анықтауға арналған диагностикалық тексерулерді әскери психологтар тұрақты түрде жүргізіп отырады. Сондай-ақ әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жасалады.
Әскери бөлімдерде бейнебақылау жүйелері мен әскери полиция пункттері жұмыс істеп, күн сайын профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Мерзімді қызмет сарбаздарына телефон байланысы және «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі арқылы туыстарымен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік берілген.
Әскердегі құқық бұзушылықтар мен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қатарлас», «Пирамида» және «Жауынгерлік дос» цифрлық бақылау және мониторинг жүйелері, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен жеке құрамның қаза болуын болдырмауға бағытталған алгоритмдер кешені қолданылады.
Құқықтық тәртіпті сақтауда командирлер мен сержанттық құрамның рөлі ерекше. Олар әскери ұжымдарды басқару, тәртіпті нығайту және жанжалды жағдайлардың алдын алу мәселелері бойынша арнайы даярлықтан өтеді.
Әскери қызметшілердің құқықтарының сақталуын бақылау ата-аналар комитеттерімен және Сарбаз аналары комитетімен өзара іс-қимыл аясында жүзеге асырылады. Ақпарат алмасуды жеделдету мақсатында әскери бөлім командирлерінің қатысуымен ата-аналар чаттары құрылған.
Бұдан бөлек, «Цифрлық алдын-алу» ведомствоаралық бағдарламасы аясында Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің QR-код арқылы өтініш беру жүйесін енгізді. Жаңа сервис әскери қызметшілердің құқықтарын қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етіп, «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға ықпал етеді.
Айта кетелік Қарулы күштерде жаңа трансформация орталығы іске қосылған еді.