Цифрлық теңге қолданысқа енді: артықшылықтары мен мүмкіндіктері қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгіннен бастап «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына сай цифрлық теңге қолданысқа енгізілді. Бұл қандай ақша екені, қалай қолданылатыны және қандай артықшылықтары бар екені жөнінде шолу дайындадық.

Коллаж: Kazinform

Аталған заңға сәйкес, цифрлық теңгемен алыс-беріс ҚР Ұлттық банкінің цифрлық платформасында жүргізіледі.

Алдымен азаматтар ҚР Ұлттық банкі жəне цифрлық теңге платформасының өзге де қатысушыларымен цифрлық шот шартын жасасуы тиіс. Содан кейін клиенттің өтінімі негізінде цифрлық шоты ашылады.

— Цифрлық теңге платформасының операторымен жасалған шарттың негізінде банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, орталық депозитарий, ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі айқындаған көрсетілетін төлем қызметтерін өзге де берушілер мен заңды тұлғалар цифрлық теңге платформасына қатысушылар бола алады, — делінген заңда.

Цифрлық теңге ақшаның қандай түріне жатады

ҚР Ұлттық банкі сауалымызға жолдаған жауабында цифрлық теңгенің не екенін кеңірек түсіндірді. Банктің мәліметінше, ол ақшаның үшінші түрі іспетті.

— Цифрлық теңге — қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз да қолданыста қатар жүретін ақшаның үшінші, цифрлық формасы. Ол қолма-қол ақшаның да, қолма-қолсыз ақшаның да қасиетіне ие және барлық пайдаланушылар үшін түбегейлі жаңа мүмкіндіктер ашады. Реттеу тұрғысынан цифрлық теңге мемлекеттік эмитент шығаратын және осы эмитенттің бірінші кезекте төлем құралы ретінде пайдалану міндеттемесіне келетін қолма-қолсыз ақшаның жаңа формасы ретінде ОБЦВ (орталық банктің цифрлық валютасы) анықтамасына сәйкес келеді, — делінген Ұлттық банктің ресми сауалымызға жолдаған жауабында.

Фото: Ұлттық банк

Сонымен қатар, цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қолсыз ақшаны алмастыру мақсатында емес, оларға қосымша ақша түрі ретінде пайдаланылмақ.

Ұлттық банктың хабарлауынша, цифрлық теңгенің негізгі артықшылықтарының бірі — бағдарламалану мүмкіндігі. Бұл ақшаны «баптауға», яғни бағдарламалауға болатындығын білдіреді. Мысалы, оны қашан және не үшін жұмсайтыныңызды белгілей аласыз. Осының арқасында есептеу жылдам, ыңғайлы және ашық болады. Сонымен бірге, цифрлық теңге Қазақстанда қолма-қол және қолма-қолсыз ақшамен тең пайдаланылады.

Цифрлық теңгенің тиімділігі қандай

Жаңа ақша түрінің азаматтарға және компанияларға беретін мүмкіндіктері мен артықшылықтары шаш етектен.

— Цифрлық теңге барлық пайдаланушы үшін, атап айтқанда, жеке тұлғалар, екінші деңгейлі банктер, сауда ұйымдары, мемлекет, төлем жүйелері, финтех-компаниялар мен нарықтың басқа қатысушылары үшін жаңа перспективалар мен мүмкіндіктер ашады, — делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Түсінікті болу үшін цифрлық теңгенің тиімділігі мен артықшылықтарын санамалап айталық:

  • Инновацияларды дамыту. Цифрлық теңге қаржылық қызметтерге қол жеткізуді жеңілдету және кәсіпкерлік пен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашу арқылы технологияны дамытуға ықпал етеді;
  • Төлем қауіпсіздігі. Цифрлық теңгенің зманауи криптографиялық технологияларын қолдану транзакциялардың қауіпсіздігін арттырады;
  • Төлемдердің қолжетімділігі. Цифрлық теңге қаржылық қызметтерді шалғайдағы аймақтарды қоса алғанда, жалпы халыққа қолжетімді ете алады;
  • Төлем тиімділігі. Цифрлық теңге арқылы есептеулерді жеделдету және жеңілдету шығындарды азайтып, қаржылық операциялардың тиімділігін арттырады;
  • Ашықтық пен анонимділік арасындағы тепе-теңдік. Таңбалау және оны автоматты түрде алу тетігінің болуы азаматтардың анонимділігіне нұқсан келтірмейді. Бұл үдеріс банк құпиясын сақтай отырып, мемлекеттік төлемдердің мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
  • Төлемдердің ыңғайлылығы. Цифрлық теңге пайдаланушыға үйреншікті құралдарды (ұялы телефондар мен карталар) пайдалана отырып, төлемдерді жедел жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Цифрлық теңгені қолдану қиын ба

Цифрлық теңгені қолма-қол ақшасыз қызметтерді қолданғаныңыздағыдай, банк қосымшалары немесе карталар арқылы пайдалануға болады. Екінші деңгейлі банктер мен басқа да төлем қызметтерін жеткізушілер цифрлық теңге платформасында операциялар жүргізе алады.

Сонымен қатар, цифрлық теңге құны жағынан қолма-қол және қолма-қолсыз ақша түріндегі теңгемен бірдей. 1 цифрлық теңге қолма-қол немесе қолма-қолсыз ақша түріндегі 1 теңгеге тең.

Одан бөлек, цифрлық теңгені айырбастау үдерісі қиын емес.

— Цифрлық теңгені қолданыстағы инфрақұрылым, яғни банкоматтар мен екінші деңгейлі банктердің кассалары арқылы, цифрлық картаны пайдалану арқылы немесе банк бөлімшесіне барған кезде қолма-қол ақшаға айналдыруға болады. Цифрлық теңгені қолма-қолсыз ақшаға айырбастау процесі екінші деңгейлі банк қосымшалары арқылы немесе банк бөлімшесіне бару арқылы жүзеге асырылады, — делінген Ұлттық банк жауабында.

Қауіпсіздік деңгейі талаптарға сай ма

ҚР Ұлттық банкі сауалымызға жолдаған жауабында цифрлық теңгені пайдаланудың қауіпсіздік деңгейі жөнінде де мәлімет берді.

— Цифрлық теңге платформасы деректер мен операциялардың қауіпсіздігін барынша қорғауды көздейді. Оны әзірлеу барысында қазіргі және келешекте туындауы мүмкін киберқауіптер ескерілді, — делінген хабарламада.

Ұлттық банк мәліметінше, жүйенің қауіпсіздігі бірнеше деңгейде қамтамасыз етіледі.

Біріншіден, екінші деңгейлі банктер орындайтын операциялар заманауи шифрлау мен қолжетімділікті бақылау технологиялары арқылы қорғалады.

Сонымен қатар қауіпсіздік инфрақұрылым деңгейінде де қарастырылған. Ол платформаның тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл деңгейде серверлердің физикалық қауіпсіздігі мен жүйенің ақауға төзімділігіне ерекше мән беріледі.

Одан бөлек, цифрлық теңгемен жұмыс істейтін барлық сервистің қауіпсіздігі сервистік деңгейде қамтамасыз етіледі. Бұл рұқсатсыз қол жеткізу мен кибершабуыл қаупін барынша төмендетуге бағытталған.

Жауапты мамандар мониторинг және әрекет етуді де назарда ұстайды. Олар ықтимал қауіптерді үнемі бақылап, кез келген оқиғаға жедел әрекет ету арқылы жүйенің жаңа сын-қатерлерге төтеп беру қабілетін нығайтады.

— Осылайша, цифрлық теңге платформасының қорғаныс жүйесі жан-жақты және көп деңгейлі болып құрылған. Бұл әр кезеңде пайдаланушылар мен деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, — делінген Ұлттық банк жауабында.

Фото: freepik.com

Криптовалюта мен цифрлық теңге бірдей ме

Жоғарыда цифрлық теңге мен қолма-қолсыз ақшаның айырмашылығын түсіндірген едік. Оның криптовалютадан да өзгешеліктері бар.

Мәселен, қолма-қол ақшаны Ұлттық банк шығаратыны секілді цифрлық теңгені де аталған банк шығарып, нарыққа жібереді. Ал криптовалюта тіпті ақша деп есептелмейді.

— Цифрлық теңге — қолма-қол ақша сияқты Ұлттық банк шығаратын және оның міндеттемесі саналатын төлем құралы. Бұл азаматтардың қаражатын жоғары деңгейде қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал қолма-қолсыз ақша Ұлттық банктің де, екінші деңгейлі банктердің де өз клиенттері алдындағы міндеттемесі ретінде айналымда бола береді. Криптовалюта мүлде ақша ретінде саналмайды. Олар үшін ешкімнің міндеттемесі жоқ және криптовалюта Қазақстан аумағында төлем құралы ретінде пайдаланылмайды, — делінген хабарламада.

Банкаралық QR жүйесі

Бүгін цифрлық теңгемен қатар, банкаралық QR жүйесі де қолданысқа енгізілді. ҚР Ұлттық банкінен аталған жүйенің мақсаты мен артықшылықтарын туралы да сұраған едік.

— Банктер туралы жаңа Заңға («ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 259-VIII ҚРЗ Заңы) енгізілген заңнамалық түзетулер аясында халыққа бөлшек төлем қызметін көрсететін барлық банктің банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылуы көзделген, — делінген Ұлттық банк жауабында.

Фото: finans.mynet.com

Бұл түзетулер де бүгіннен бастап күшіне енді. Банктер өз жүйелерін техникалық тұрғыдан толық жетілдіруге және сынақтан өткізу ісін аяқтап, жүйеге қосылуды қамтамасыз етуге міндеттелген еді.

Ал банкаралық QR-төлемдерді енгізудегі негізгі мақсат — түрлі банк клиенттеріне төлемдерді бірыңғай инфрақұрылым арқылы қабылдауға жағдай жасау.

— Бұл қадам сауда кәсіпорындарының бірнеше дербес техникалық шешімдерге тәуелділігін азайтып, әлеуетті сатып алушылардың қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл ретте нақты бір сауда нүктесінде қолданылатын терминалдар саны бұрынғыша кәсіпкердің өз қалауына және банктердің қызмет көрсету шарттарына байланысты шешіледі. Технологиялық тұрғыдан алғанда, банкаралық QR жүйесі әртүрлі банк клиенттерінің төлемдерін бірыңғай өзара іс-қимыл арнасы арқылы қабылдауға жол ашады. Бұл болашақта сауда орындарында бірнеше қабылдау құрылғыларын (терминалдарды) қатар ұстау қажеттілігін айтарлықтай азайтады, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк мұнай бағасы, инфляция және теңге жөнінде жаңа болжамдарды жариялаған еді.