Цифрлық теңгені қолдану қауіпсіз бе

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық банкі сауалымызға жолдаған жауабында 18 шілдеде қолданысқа енетін цифрлық теңгені пайдаланудың қауіпсіздік деңгейі қандай екенін мәлімдеді.

Фото: DALL-E

— Цифрлық теңге платформасы деректер мен операциялардың қауіпсіздігін барынша қорғауды көздейді. Оны әзірлеу барысында қазіргі және келешекте туындауы мүмкін киберқауіптер ескерілді, — делінген хабарламада.

Ұлттық банк мәліметінше, жүйенің қауіпсіздігі бірнеше деңгейде қамтамасыз етіледі.

Біріншіден, екінші деңгейлі банктер орындайтын операциялар заманауи шифрлау мен қолжетімділікті бақылау технологиялары арқылы қорғалады.

Сонымен қатар қауіпсіздік инфрақұрылым деңгейінде де қарастырылған. Ол платформаның тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл деңгейде серверлердің физикалық қауіпсіздігі мен жүйенің ақауға төзімділігіне ерекше мән беріледі.

Одан бөлек, цифрлық теңгемен жұмыс істейтін барлық сервистің қауіпсіздігі сервистік деңгейде қамтамасыз етіледі. Бұл рұқсатсыз қол жеткізу мен кибершабуыл қаупін барынша төмендетуге бағытталған.

Жауапты мамандар мониторинг және әрекет етуді де назарда ұстайды. Олар ықтимал қауіптерді үнемі бақылап, кез келген оқиғаға жедел әрекет ету арқылы жүйенің жаңа сын-қатерлерге төтеп беру қабілетін нығайтады.

— Осылайша, цифрлық теңге платформасының қорғаныс жүйесі жан-жақты және көп деңгейлі болып құрылған. Бұл әр кезеңде пайдаланушылар мен деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, — делінген Ұлттық банк жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін 18 шілде цифрлық теңге қолданысқа енетінін жазғанбыз.