Цифрлық трансформация өмір сапасын жақсарту құралына айналуы тиіс – БҰҰ өкілі

БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің цифрлық үкімет жөніндегі жетекшісі, елордада өтіп жатқан Digital Bridge 2023 форумының қонағы Винченцо Акуаро Қазақстандағы digital саласын дамытуға қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Photo: United Nations

- Акуаро мырза, Қазақстандағы digital саласының дамуына қатысты пікіріңізді білдірсеңіз...

- Ең алдымен, осынау өте қызықты әрі маңызды форумға қатысуға шақырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Ол Қазақстанның цифрлық трансформация тұрғысында қаншалықты ілгерілегендігінің дәлелі саналады. Біз Қазақстанда 2012 жылдан бері жұмыс істеп, бәрін қадағалап отырмыз. Прогрестің таң қаларлық екенін айта аламын. Бұл ұзақ, бірақ таңқаларлық жол болды. Басшыларыңыз болашаққа қатысты нақты ұғымы бар. Цифрлық экожүйенің бөлігі саналатын барлық мүдделі тараптың алға жылжуы маңызды. Тек қана электронды үкіметті ғана емес, сонымен бірге цифрлық экономиканы да барынша ілгерілету қажет. Әрине, электронды үкімет азаматтарға қызмет көрсетудегі негізі компоненттерді бірі болып қала бермек.

- Қазақстан электронды үкіметке байланысты жағдайды жақсарту үшін тағы не істей алады?

- Кеше таңертең форумның ашылу рәсімінде Президенттеріңіз баса атап өткен жайтпен бастағым келеді. Осы елдің болашағына қатысты ұсынған анық жоспары мені қатты таң қалдырды. Ол стратегиялық тұрғыда маңызды басымдықтарды, сонымен қатар аталған бастамаларға қатысты жол картасын жария етті. Қазақстан Президентінің басты бастамалары шын мәнінде стратегиялық мәнге ие әрі жаңа технологиялардың көмегімен, жасанды интеллектіні пайдалану арқылы Қазақстандағы адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Бұған қоса, мен цифрлық технологиялармен қамту маңыздылығын атап өткім келеді. Пікірталасқа қатысушылар мен негізгі баяндамашылар осынау цифрлық трансформацияның ортасында адам тұратындығын атап өткен-ді. Цифрлық трансформация адамдардың өмір сапасын қолдау мен жақсартудың құралына айналуы тиіс. Ол үшін үкімет пен жеке сектор ұсынатын барлық цифрлық шешім барынша инклюзивті түрде әзірленуі қажет. Әйелдерді, жастарды, мүмкіндігі шектеулі адамдарды, иммигранттарды қоса алғанда барлық әлсіз топтар жаңа цифрлық алшақтықты немесе технология салдарынан әлеуметтік қарама-қайшылықты тудырмау үшін қызметтерді пайдалана алуы керек. Осылайша, цифрлық инклюзивтілікке Үкімет баса назар аудару тиіс әрі үлкен жұмыс атқаруы қажет. Ол тұрақты даму мақсаттарына арқа сүйейді және басты ұстанымы – «артта ешкімді қалдырмау».

Екінші жағдай – барлық деңгейде жаңа цифрлық дағдыларды қарастыру. Әрине, жас буын үшін STEM-ді барынша ілгерілететін боламыз. Бұған қоса, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін қайта арттырып, оларға өздерінің дағдыларын жақсартуы, осынау жаңа технологиялық ортада жұмыс істеуге дайын болуы үшін білім алуларына тың мүмкіндіктер ұсыну қажет.

Соңғысы, шындығында шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізетін орта құруға мейлінше назар аудару маңызды. Кеше таңертең форум барысында миллиардер компаниялар жайлы көп айтылды, яғни табысы 1 млрд АҚШ долларына жететін компаниялар. Дегенмен, мұндай компанияға айналған осынау инновациялық компаниялардың басым бөлігі шағын және орта бизнес ретінде жұмысын бастағаны да маңызды. Сондықтан да осынау жаңа компаниялардың пайда болуы үшін жағдай жасау әрі дамытуға сеп болу да өте маңызды. Инновацияның басым бөлігі шағын және орта бизнестен шығады. Содан кейін ғана нарық олардың миллиардерге айналатындығы не айналмайтындығын шешеді.

- Келешекте жасанды интеллект адамның орнын жаппай баса ала ма?

- Осынау жаңа технологиялармен байланысты проблемаларға зер салып, тәуекелдерді қарастыру өте маңызды. Бірақ, тәуекелдерді жете бағалап, барынша сындарлы әрі белсендірек жұмыс істеген жөн. Сонымен қатар осынау тәуекелдерді еңсеруге көмектесетін нормативтік базаны құру әрі басқару керек.

Кеше тағы бір сөз сөйлеуші қорқыныш – ең үлкен дұшпанның бірі екендігін айтты. Егер сіз қорқатын болсаңыз, онда сізде инновация үшін еш уақытта да мүмкіндік болмайды. Сізге проблеманы мүмкіндікке айналдыру қажет. Инновация, жаңа технологиялар, жасанды интеллект – барынша жетілдірілген құрал. Алайда, ол әлі де болса адамдар үшін құрал болып қала бермек. Барлық мүдделі тараптың, барлық көшбасшылардың жасанды интеллектіні адамдарды алмастыру үшін емес, олардың жаңа жұмыс орындарында тың мүмкіндіктер құру арқылы еңбек етуіне қолдау көрсетуге бағыттауы маңызды. Әрине, кейбір мамандықтар жойылып, жаңалары пайда болары сөзсіз. Сол себепті, білімі бар жаңа адамдарды, мәселен деректерді өңдеу жөніндегі мамандарды жалдау үшін жағдай жасау маңызды.

- Сіздің ойыңызша, ChatGPT айталық жазушылардың орнын баса ала ма?

- Мен олай ойламаймын. Жалпы, бұған қатысты түрлі пікір бар. ChatGPT сынды жаңа құралдар адамдарды алмастыра алмайды. Олардың қалай жұмыс істейтіндігін білу маңызды. Олар машина емес, адам жасаған барлық контентті қарап, одан кейін барлық ақпаратты топтастырып жинайды. ChatGPT-де креативтілік жоқ. Креатив адамнан шығады.

- Сұхбатыңызға рақмет!