Циндао қаласы ШЫҰ мәдени және туристік астанасы атанады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өтетін ШЫҰ саммитінде «ШЫҰ мәдени және туристік астанасы» мәртебесін Циндао қаласына (ҚХР) беру шешімі қабылданады. Бұл туралы ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин Kazinform агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, мәдени өзара іс-қимыл және туристік ынтымақтастық ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде халықтарды жақындастыруға және дос елдердің экономикасын дамытуға жәрдемдесуде бірегей рөл атқарады.
«Өткен 2023 жыл «ШЫҰ туризм жылы» болып жарияланған еді. Қазіргі төраға – Қазақстан Республикасы мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастыққа үлкен мән береді. ШЫҰ туризм жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары және «Алматы – ШЫҰ туристік және мәдени астанасы» бағдарламасын іске асыру жоспарымен 20-дан астам мәдени және туристік шара ұйымдастырылды. Оның ішінде ШЫҰ халықаралық туристік форумы, «Азия дауысы» халықаралық музыкалық фестивалі, Халықаралық қонақ үй форумы, Globe балеті, Шахматтан ШЫҰ кубогы бар», - деді Чжан Мин.
Бұл шаралар қазақстандық тараптың және тұтастай алғанда ШЫҰ-ның мәдени-туристік брендін қалыптастыруға ықпал етті, сондай-ақ ШЫҰ-ның мәдени-туристік ынтымақтастығын тереңдетуде маңызды рөл атқарды.
Өткен жылдың қараша айында ШЫҰ Хатшылығы Үрімші қаласында «ШЫҰ форумы 2023 – туризм жылы» жиынын өткізді. Бұл ШЫҰ елдері арасындағы туризм саласындағы өзара іс-қимылды дамыту және өңіріміздің туристік әлеуетін ашу жөніндегі бастамаларды талқылау үшін маңызды алаң болды.
«Биыл Алматы қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің туристік әкімшіліктері басшыларының кездесуі өтті, оған мен де қатыстым. Отырыста ШЫҰ туризм саласындағы 2024-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды, ол мүше мемлекеттер үшін туристік ынтымақтастық бағыттарын одан әрі ашу, зерделеу, тереңдету және жетілдіру жөніндегі нақты жол картасын білдіреді. Біз мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерімен ШЫҰ-ның туристік ынтымақтастығы қарқынды дамитынына, ал халықтарымыз ШЫҰ ынтымақтастығының артықшылықтары мен тиімділігін сезінетініне сенімдіміз», - деді ШЫҰ хатшысы.
Сұхбаттың толық нұсқасына мына сілтеме арқылы өте аласыз.