Цинциннати турнирі: Елена Рыбакина әлемнің 1-ракеткасын ұтты
23:53, 15 Тамыз 2025
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 1-ракеткасы, беларусьтік Арина Соболенконың мысын басты.
Бірінші партияда Елена бет қаратпады - 6:1.
Екінші сетті жеңіспен түйіндеді - 6:4.
Бір сағат 15 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 11 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін құр жібермеді. Соболенко 4 эйспен шектелді.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде Елена Рыбакинаның әлемнің 6-ракеткасын жеңіп, ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.