АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің финалына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 3-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекке қарсы келді.
Қос спортшы осыған дейін өзара тоғыз рет кездесіп, соның бесеуінде Швентек ұтқан еді.
Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина есеп 5:4 болып, сетке доп бергенімен, сол мүмкіндігін пайдалана алмады - 5:7.
Екінші сетте Швентек бірден алға кетіп, жеңісті уысынан шығарған жоқ - 6:3.
Бір сағат 40 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 10 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Швентек 7 эйс, 3 брейкпен (9 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Ига Швентек финалда әлемнің 9-ракеткасы, италиялық Жасмин Паолини немесе рейтингіде 36-орындағы ресейлік Вероника Кудерметованың қай жеңгенімен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Италиядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Шевченко АҚШ-тағы турнирде камбэкпен финалға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).