Цинциннати турнирінде Путинцеваны жеңген теннисші Рыбакинамен ойнайды

Фото: ktf.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 46-ракеткасы Юлия Путинцева Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шыға алмады. 

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда WTA рейтингісінде 68-орында тұрған мексикалық Рената Сарасуамен кездесті.

Путинцева бірінші партияда 6:3 есебімен басымдылық танытқанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады – 4:6, 2:6. 

Тартысты матч екі сағат жарымнан уақытқа созылды.

Осылайша, Ю.Путинцева түрлі додада қатарынан алтыншы рет жеңіліс тапты. Ол соңғы рет 16 маусымда Ноттингем турнирінің алғашқы айналымында рейтингіде 665-сатыдағы ұлыбританиялық Ханна Клагменді 6:2, 6:2 есебімен ұтқан.

Цинциннатиде Ю.Путинцеваны жолдан тайдырған Р.Сарасуа екінші айналымда әлемнің 12-інші, осы доданың 9-ракеткасы Елена Рыбакинамен ойнайды. 

Цинциннати турнирінің жүлде қоры 5 млн 152,599 мың АҚШ долларына бағаланған. Жеңімпаз 752 275 долларға қоса 1 мың рейтингілік ұпайға ие болады. Өткен жылы мұнда әлемнің 1-ракеткасы, беларусиялық Арина Соболенко үздік шыққан еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Монреаль турнирінің финалына бір қадам жетпей тоқтағанын жазған едік. 

Жартылай финалда Е.Рыбакинаны ұтқан канадалық, 18 жастағы Виктория Мбоко соңғы бәсекеде «Үлкен дулыға» турнирлерінің төрт дүркін чемпионы, жапониялық Наоми Осаканы 2:6, 6:4, 6:1 есебімен жеңді.

В.Мбоко XXI ғасырда бір жарыс барысында төрт бірдей «Үлкен дулыға» додасының жеңімпазын ұтқан алғашқы жас теннисші атанды. Ол осы титулы нәтижесінде әлемдік рейтингіде 85-тен 25-орынға көтеріледі.