ЦП-футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына қатысады

АСТАНА. KAZINFORM - ЦП-футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы тарихта тұңғыш рет церебралды сал ауруына шалдыққан спортшылар арасындағы әлем чемпионатына қатысады. IFCPF Men’s World Championships 2026 турнирі Англияның Лафборо қаласында өтеді.

Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша әлем чемпионаты 2026 жылдың 15-24 тамызы аралығында өтеді. Жарысты Халықаралық ЦП-футбол федерациясы өткізеді.

Бұл – ЦП-футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы үшін үлкен тарихи белес. Команда алғаш рет әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Бұл жарыс ойыншыларға халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, өз мүмкіндіктерін әлемдік аренада көрсетуге мүмкіндік береді.

Әлем чемпионатына аттанар алдында ЦП-футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Дайындық барысында бапкерлер штабы командамен соңғы пысықтау жұмыстарын жүргізіп, әлемдік додаға жан-жақты әзірленеді.

Осыған дейін қазақстандық командалардың дрон-футболдан халықаралық турнирдің үздік ондығына енгені туралы жаздық.