Тимур Сүлейменов биылғы теңге бағамы туралы: Қажет болса, интервенция жасауға дайынбыз

Фото: Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2026 жылы теңге бағамын тұрақтандыру үшін не істеуге болатынын айтты.

- Биыл біз жұмсақ теңге бағамын қалыптастырудың икемді режимін сақтаймыз. Бұл – біздің сыртқы шоктарға қарсы табиғи тұрақтандырушымыз. Дей тұрғанмен, қажет болған жағдайда валюталық интервенция сияқты шешімтал шаралар қабылдауға дайынбыз. Алтын-валюта қорымыз оған мүмкіндік береді, - деді Тимур Сүлейменов.

Оның сөзінше, сыртқы нарықтардағы құбылмалылық пен валютаға деген сұранысқа қарамастан, теңге бағамы жыл қорытындысы бойынша 3,7 процентке нығайды. Бұған Ұлттық банк жүргізген ақша-несие саясаты және мемлекеттің жалпы маркоэкономикалық саясатына деген сенімнің артуы айтарлықтай ықпал етсе керек.

- Елдің төлем балансына келсек, сауда профицитінің қысқаруы байқалуда. Бұл жалпы төлем балансына қысым көрсетіп отыр. Төлем балансын жақсарту үшін дайын тауарлар экспортын арттыра отырып, белсенді сауда саясатын жүргізу керек және қазақстандық тауарлар үлесін өсіріп, импорт алмастыруды күшейту қажет деп санаймыз. Логистикалық инфрақұрылым мен кедендік басқаруды жетілдіру де маңызды, - деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. 

Жиында елдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады.