Цзилинь қаласының тұрғыны саябақта 4 америкалық азаматты пышақтап тастады
АСТАНА. KAZINFORM – Сингапурдың 8world News ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қылмыстық оқиға 10 маусымда болған. Цзилинь қаласындағы жергілікті «Бейхуа университетінде» академиялық сапарға келген 4 америкалық азамат пышақ жарақатымен ауруханаға түскен.
Жараланған төрт адамның Айова штатындағы Корнелл колледжінің оқытушылары екені белгілі болды. Олар саябақтағы ғибадатханаға барған. Сол кезде төртеуіне пышақ ұстаған қытайлық азамат шабуыл жасаған.
Әзірге оның қандай мақсатпен қылмыстық іске барғаны белгісіз.
Шабуылдан кейін X әлеуметтік платформасында бірнеше адамның жарақат алып, қансырап, жерде жатқан видеосы тарады.
Дегенмен, қытайлық әлеуметтік желілерде тиісті фотосуреттерді табу мүмкін емес. Қытай билігі де бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ. Жергілікті БАҚ-та да аталған оқиғаға қатысты ақпараттар жарияланбады.