«Ту - қолжаулық, Әнұран - ойыншық емес» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 31 наурыз, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Ақтаудағы Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғаларға байланысты бастал­ан сот отырысы төртінші күнге ұласты. Осы іске байланысты материал «Егемен Қазақстан» газетінде «Жәбірленушілер адамгершілік танытты» деген тақырыппен басылды. «Жалпы осы жұма күнгі отырыста кім-кімнің де көңіліне жылылық ұялататындай сәттерге куә болдық. Олай дейтініміз, сот отырысында сөз берілген жәбірленушілер Аманжанов, Күнтуов, Айтпаева, Жалмағанбетовалар, өздері қаншама шығынға ұшырап, зиян шексе де сотқа берген талап-арыздарын түгелдей қайтып алатындарын айтты. Азаматтардың қиналмауына, елдің тыныш болуына мүдделі екендіктерін білдірді", - деп жазады басылым.

 

Таяуда Кувейтке өткен нысана көздеуден өткен халықаралық турнирде әнұранымыздың абыройы айрандай төгілген болатын. Осы келеңсіз жайтқа кеңінен тоқталған «Егемен Қазақстан» газеті «Ту - қолжаулық, Әнұран - ойыншық емес» деген тақырыппен мақала жариялады. «Тақыр жерден сүрінетін мұндайларға қалай қарның ашып, қалайша қаның қайнамайды?! Өтірік болса өздеріңіз айтыңыздар, шайнап берген нанды дұрыстап жұта алмайтын шалағай шенеуніктердің немқұрайдылығы мен салғырттығынан айналдырған бес айдың ішінде әп-әдемі Әнұранымыз әлем чемпионатында, елішілік фестивальда және халықаралық турнирде, яғни үш рет шатастырылып, мысықтілеу кейбіреулердің мысалы мен мысқылына айналды», - деп ашына жазады басылым.

 

«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Дат!» айдарында қобызшы Саян Ақмолдамен арадағы сұхбат «Күйді нотамен шығаруға қарсымын» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Дәстүрлі өнеріміздің кенже қалып, туының жығылғаны бәрімізге аян. Дәстүрлі музыкамызды қолдау, дәріптеу өте төмен деңгейде. Қазір эстрадан басқа түк естімейтін болдық. Теледидарды қоссаң да, қандай мереке болса да - солар. Бірақ жанды дауыпен айтып жатқан ешқайсысы жоқ. әйтеуір, ауыздарын жыбырлатып тұрады. Кім кімді алдан жатқанын түсінбейсің», - дейді.

 

Осы басылым тұрақты «Ой-көкпар» айдарында жапон еліндегідей бастықтың макетін сабау дәстүрін тәжірибеге енгізу керек пе деген сауалды мамандар талқысына ұсынып отыр. Шындығында да қоғамда қазіргі уақытта «депрессиядамын» деп жүргендер екінің бірі  десек, артық айпағандық болар. Көбін шаршататын жұмыстың шамадан тыс мөлшері мен еңбекақының соған сай төленбеуі болса керек. Мұндайда көпшілік, әрине басшыны кінәлайды. Осы ретте жапондардың адам бойындағы жағымсыз энергияны, қыжыл мен кекті кетіру үшін ойлап тапқан бастық макетін сабау тәжірибесін елімізде енгізуге мамандар көзқарасы қандай екен?  Білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін қараңыз.

***

«Батыста былтырғы су тасқыны қайталануы мүмкін». «Айқын» газетінде осы тақырыппен жарық көрген мақалада бұл күндері Жайық өзеніндегі ахуал қауіп төндіріп отырғандығы жайында жазылған. Басылымның атап өтуінше, оған Шаған, Деркүл өзендеріндегі су деңгейінің жоғары, ал Үлкен және Кіші өзендегі су көлемінің нормадан 30-80 пайызға артып кетуі себеп болып отыр. 

***

«Қазақстандық фермерлер елде жаңа Аграрлық партия құруды ұсынады», - деп жазады «Время» газеті сенбілік санындағы «Спасите местных телок» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, олар ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы шаруалардың проблемаларын шеше алмай отыр деп санайды екен. Ал кешегі Фермерлер одағының республикалық кеңесі аталған ведомствоның шаруаларға мұрын шүйіре қарайтындығын көрсеткен.

***

Студенттердің тәуелсіз кәсіподағы Алматыдағы парақорлық барынша бой алдырған жоғары оқу орындарының тізімін жасап шығыпты. Бұл жайында «Экспресс К» басылымындағы «А вуз и ныне там» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Сонымен аталған рейтинге сәйкес, Алматыдағы ең парақорлық жайлаған оқу орындары қатарында Асфендияров атындағы медициналық университет, Орта Азиялық университет, Қонаев атындағы институт, «Тұран» университеті бар. Аталған жастар ұйымының көшбасшысы Ринат Ибраев барлық парақор ұстаздардың аты-жөндерін де жақсы білетіндігін мәлім етіп отыр. Сонымне қатар ол сынақтар мен емтихандардың мың теңгеден бес мыңға дейін, ал барлық сессияны жабу 15 мыңнан 30 мыңға дейін бағаланатындығын мәлім еткен.