Ту көтеріп шығатын спортшы жауапкершілікті екі есе сезінуі керек – Ермахан Ыбрайымов

Фото: Фото: спортшының жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің көк байрағын көтеріп шығатын спортшы міндетті түрде екі есе жауапкершілікті сезінуі керек. Мұндай пікірді Kazinform тілшісіне эксклюзив сұхбат берген қазақтың даңқты боксшысы, 2000 жылғы өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, 1996 жылғы Олимпиада ойындарының және 1997, 1999 жылғы әлем чемпионаттарының жүлдегері Ермахан Ыбрайымовпен білдірді.

«Төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің көк туын алып шығу құрметі кез келген спортшыға бұйыра бермейді. Оның өзін «бұл құметке кім лайық» деп алдын ала таңдайды. Ал, сол таңдалған спортшыға үлкен үміт артылады. Сондықтан Олимпиада ойындарында мемлекеттік туымызды алып шыққан спортшы өзіне екі есе жауапкершілік артылғанын сезінуі керек. Мен, өз басым үлкен спортта жүргенде қатарынан екі Олимпиадада мемлекеттік туымызды алып шықтым. Екеуінде де жүлдемен оралдым. Қазіргі таңда Жазғы Олимпиада ойындарында туды көтеріп барып, жүлдемен көтеріп қайтқан жалғыз спортшымын. Міне, биыл туды алып шығу құрметі Асланбек Шымбергеновке бұйырды. Оған менің жолымды берсін деп тілеймін. Осыған дейін бұл бауырыма бір-екі рет жолығып, ақыл-кеңесімді айттым. Тәжірибелеріммен бөлістім. Ту алып шығудың қаншалықты жүгі барын есінен шығармауды тапсырдым», - деді Ыбрайымов.

Естеріңізге сала кетейік, бокстан ерлер арасында ел намысын 7 боксшы қорғайды. Олар – Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (81 келі), Айбек Оралбай (92 келі), Қамшыбек Қоңқабаевтар (+92 келі). 

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алды. 

Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығына белгіленген. 

Ойынға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.