Туа бітті жүрек ақауы бар сәбилердің шетінеуін азайту бағдарламасы 2011 жылы ОҚО-ның балаларына көмектеседі

Фото: None
АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - «ДОМ» қоғамдық қоры мен «Мэри Кэй (Қазақстан)» компаниясы бірлесе әзірлеген туа бітті жүрек ақауы бар сәбилердің шетінеуін азайту бағдарламасы

2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Облыстық кардиология орталығына жабдық сатып алуға бағытталады, деп хабарлады «ДОМ» қоғамдық қорының баспасөз қызметі.

Оңтүстік Қазақстан облысында бала туу деңгейі жоғары, мысалға айтатын болсақ, 2010 жылы 75 700 сәби дүниеге келді, олардың 450-ден астамына туа бітті жүрек ақауы диагнозы қойылған. Бүгінгі таңда туа бітті жүрек ақауы бар 2800 бала есепте тұр, оның 450-і - бір жасқа дейінгі сәбилер. 2010 жылы жүрек жұмысы бұзылған 132 сәби шетінеп кетті.

Мұндай патология таралуының аймақтық ерекшеліктері көп жағдайда кардиологиялық диагностика сапасына, неонатология деңгейіне, педиатрия жағдайына, аймақта жаңаша диагностикалық аппаратураның және білікті мамандардың болуына байланысты. 2010 жылдың ортасына дейін осы аймақтан туа бітті жүрек ақауы балалар операция жасау үшін Астанадағы және Алматыдағы республикалық орталықтарға жіберілетін. Бірақ жол жүру сырқаттың жағдайына қатты әсер етіп, көрсеткіштерін төмендетуі және ауруды асқындыруы ықтимал болатын. 2011 жылдың 18 наурызында Денсаулық сақтау департаментінің және Облыстық кардиологиялық орталықтың қолдауымен осы орталықтың базасында 12 орындық балалар кардиохирургиясы бөлімшесі ашылды. Бұл аймақтағы проблемаларды шешуге бағытталған салмақты қадам, бірақ клиника диагностикалық аппаратурамен жеткіліксіз жабдықталған, бұл жағдайдағы ең кезек күттірмейтін қажеттілік - портативті УДЗ-аппарат.

Шымкент қаласындағы Облыстық кардиологиялық орталықтың кардиохирургиялық реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Бекжан Перменов: «Біздің клиникамыздағы бір операция бөлмесінде бір күнде екі операция жасалады. Бұл аппараттың көмегімен біз күніне төрт операцияға дейін жасай алатын боламыз. Портативті УДЗ-сканер болса, дер кезінде диагноз қоып, дұрыс ем тағайындауға болады. Сонымен қатар біздің клиникамыздың дәрігерлері жолды көтере алмайтын пациенттердің үйлеріне барып кеңес береді, мұндай жағдайларда, әсіресе түнгі уақыттарда портативті аппараттар ауадай қажет. Сіздердің қолдауларыңызбен біздің аймақта жасалатын операциялардың саны мен сапасын екі есе арттыра аламыз».

М-5 Mindray портативті УДЗ-аппарат туа бітті жүрек ақауын диагностикалау, операция кезінде кардиоанестезиологтардың сырқат жағдайына мониторинг жасауы, кардиореанимация бөлімшесіндегі операция жасалған пациенттердің жағдайын бақылау, басқа клиникалардағы жолды көтере алмайтын пациенттерге барып кеңес беру үшін пайдаланылатын болады. Жоба қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан аймағында туа бітті жүрек ақауын түзету үшін жасалатын операциялардың саны мен сапасын 1,5-2 есеге арттыру жоспарланып отыр.

Жабдықты сатып алуға арналған қаражат Mary Kay-дің «Өмірді өзгертетін түс» қайырымдылық акциясының нәтижесінде жиналмақ.

Константин Кулинич, «Мэри Кэй (Қазақстан)» ЖШС бас директоры: «Елдегі және әлемдегі экономикалық жағдайға қарамастан, біз көмекке мұқтаж жандар туралы есімізден шығармаймыз. Қайырымдылықты біз жұмысымыздың ажырамас бөлігі деп есептейміз. Біздің ғалами мақсатымыз - елдегі жағдайды жақсы жаққа қарай өзгерту. Сондықтан да осы қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде жүздеген ауыр сырқатқа ұшыраған сәбилер құтқарылады деген сенімдеміз».