2024 жылдан бастап Қазақстанда феталдық медицина дамып келеді — бұл ұрық патологияларын жатырішілік емдеу бағыты. Жаңа тәсілдерді енгізу туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтауды 10%-ға арттырып, туа біткен патологиялардан болатын нәресте өлімін 15%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Балалар онкогематологиялық көмегін дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Медициналық ұйымдарда иммуногистохимия, иммунофенотиптеу, жоғары дозалы химиотерапия және орган сақтаушы хирургиялық технологиялар сияқты заманауи диагностикалық және емдеу әдістері енгізіліп жатыр.
Профилактикалық медицинаны дамыту да маңызды бағыт болып қала береді. Балаларға туғаннан бастап неонаталдық, аудиологиялық, офтальмологиялық және даму скринингтері жүргізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша неонаталдық скринингпен қамту 96%-ға, аудиологиялық скрининг 87%-ға, даму скринингі 90%-ға жетті.
Мектеп жасындағы балалар үшін білім беру ұйымдарының базасында медициналық сүйемелдеу жүйесі ұйымдастырылған. Мектептерге емханалар бекітіліп, 6,5 мың медициналық пункт жұмыс істейді, онда 6,6 мың мектеп мейірбикесі жұмыс істейді.
Балалардың стоматологиялық денсаулығына ерекше көңіл бөлініп отыр. «Болашаққа — сау тіспен» бағдарламасы шеңберінде барлық мектепте тіс дәрігерлік тексерулер мен тісжегі профилактикасы енгізілді. 2025 жылы 125 мектепте стоматологиялық кабинеті ашылды.
Жасөспірімдерді қолдау үшін жастар денсаулық орталықтарының желісі дамып келеді. Бүгінде елде 10–18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге профилактикалық, психологиялық және консультациялық көмек көрсететін 85 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді.
Сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының базасында 97 психикалық денсаулық орталығы жұмыс істейді, онда ата-аналар мен балалар эмоциялық және психологиялық жағдай бойынша білікті көмек ала алады.
Министрдің айтуынша, балалар денсаулығын сақтау жүйесін одан әрі дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылады.
— Балалар санының артуы жаңа тәсілдер мен жүйелі шешімдерді талап етеді. Бүгін біз профилактиканы күшейту, мектеп медицинасы мен скринингтерді жетілдіру, патронажды дамыту, балалардың психикалық денсаулығын қолдау және өңірлердің арасындағы қолжетімділік теңсіздігін азайту міндеттерін қойып отырмыз. Осы бағыттар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының негізін құрайды, — деді Ақмарал Әлназарова.
Тұжырымдама профилактикалық медицинаны дамыту, скрининг бағдарламаларын жетілдіру, балалардың ерте дамуын қолдау, мектеп денсаулығын нығайту, иммундаумен қамтуды арттыру және тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық көмектің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын қамтиды.
Сонымен қатар, 2026 жылы мектеп оқушыларына профилактикалық медициналық тексерулерге жаңа тәсілдер енгізу және жастар денсаулық орталықтарының қызметін жаңғырту жоспарланып отыр.
Бұл шаралардың кешенді іске асырылуы балалар мен нәрестелер өлімінің көрсеткіштерін одан әрі жақсартуға, мамандандырылған көмекке қолжетімділікті кеңейтуге және Қазақстандағы әрбір баланың дені сау дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Айта кетелік елде балалар денсаулығын сақтауға бөлінетін қаржы екі есе өскені туралы жазған едік.