Туберкулезге шалдыққан науқастарға дәстүрлі, әрі инновциялық жолмен кешенді көмек көрсетіледі

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында туберкулезге қарсы диспансерде туберкулезді кешенді түрде емдеу әдісі қолданылады.

Туберкулезге қарсы дәрі-дәрмекпен емдеу ісімен қатар, патогенетикалық емдеу әдісі де қолданылады.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен туберкулездің алдын алу мен емдеу мәселелерін арқау еткен баспасөз мәслихатында Туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Роза Жүсіпова мәлімдеді.

Р. Жүсіпованың айтуынша, дәстүрлі емдеу әдісімен бірге, науқастардың бір бөлігіне хирургиялық ем жасалған. 2010 жылдың қорытындысына сәйкес хирургиялық жолмен емдеу көрсеткіші 62,8 % құраған. Бұл 2009 жыл көрсеткішімен салыстырғанда 8,5 пайызға көп.

Қазіргі таңда диспансерде операцияларды торакоскопия сынды жаңа технология көмегімен жасау мүмкіндігі жолға қойылды.

Туберкулез дертінің кеңінен етек алуы емдеудің жаңа жолдарын іздестіруді талап етеді. 2010 жылы диспансер жаңа инновациялық лазерлік технологияны енгізді. Атап айтқанда, қанды сәулелендіру мен туберкулездің тұрақты әрі асқынған формаларын патогенетикалық жолмен емдеу әдісі қолға алынды. Туберкулезді бастапқы кезеңде анықтау мүмкіндігін беретін малекулярлы-генетикалық диагностика жүргізу ісі жетілдірілді.

Айта кетелік, 2010 жылы туберкулезге шалдыққан науқастарға олардың әдеуметтік дәрежесін есепке ала отырып, көлікте тегін жүру құжатының 1510 данасы мен 18 млн. 148 мың теңге көлеміндегі азық-түлік жиынтығы әлеуметтік көмек ретінде берілген.

«Астана қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес 2011 жылдан бастап туберкулездің белсенді түріне шалдыққан Астана қаласында тіркелген науқастардың барлығына әлеуметтік көмек көрсетілмек», - деді Роза Жүсіпова.