Айта кетейік, «Түбіртекті талап ет - жүлдені ұтып ал!» шарасы жыл бойы аудандық, облыстық деңгейлерде өткізіліп келген болатын. Бүгін республикалық деңгейде өткен лотереяда өңірлік жеңімпаздар арасында 100 мың теңге, 200 мың теңге, 300 мың теңге және жеңіл көлік ойнатылды. Жүлде ұтып алу үшін, акция ережесі бойынша азаматтарға дүкендерде тауар сатып алу кезінде түбіртек талап етп, кейін сол түбіртектерді арнайы лотереяға айырбастап алу қажет болды.
Бүгін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде өткен акцияның қорытынды рәсімінде Chevrolet көлігінің иесі анықталды. Қазақстанда шығарылған аталмыш көлікке ШҚО тұрғыны Әлібек Мусин ие болды.
«Жеңімпаздарды тағы бір рет құттықтап қояйық! Келесі жылы да осы акцияға белсене қатысуға шақырамын. Түбіртектерді жинау арқылы біз сапасыз тауарлардан сақтанып қана қоймаймыз, сонымен қатар бюджет кірісін көбейтеміз, көлеңкелі бизнестің үлесін азайтамыз. Сәйкесінше еліміздің тұғыры бекіп, одан әрі дами түседі», - деді Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Дәулет Ерғожин.
Оның сөзіне қарағанда, келесі жылдан бастап, аталмыш лотереяның форматы өзгеріп, жалпыхалықтық сипатқа ие болмақ.
«Біз келесі жылы жаңа форматқа көшеміз. Акцияның ұялы қосымшасын жасаймыз. «Қазақтелеком» компаниясымен ондай уағдаластық бар. Сондықтан барлықтарыңызды аталмыш акцияға қатысуға шақырамын», - деді ол.
Еске сала кетейік, «Түбіртекті талап ет - жүлдені ұтып ал!» акциясы 2015 жылы 1 сәуірден 30 қарашаға дейін өткізілген болатын.