«Тудан киім тіккен дұрыс па?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 17 тамыз, жұма күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

 * * *

«Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Юджо Харада мырзамен ядролық қарусыздану мәселесі туралы әңгіме қозғаған. Тілшінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Ядролық бомбалаудың қасіретін бастан кешірген ел ре­тінде Жапония Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Семей ядро­лық сынақ полигонын жапқанын және ядролық қарудан бас тартқанын жоғары бағалайды. Сонымен бірге Жапония Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан­ға денуклеаризация (ядролық қа­рудан тазарту) жасап қоймай, «Ядросыз әлем үшін» атты бас­тама көтеріп, оны іске асыру жолында әлемдік үнқатысудың лидері ретінде күш-жігер жұм­сап жүргеніне жоғары баға бе­реді...». Сұхбат «Атом қасіретін жапондықтар жақсы біледі» деген тақырыппен берілген.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, өткен ғасырдың 80-жылдары Қазақстанның өзен флотының өркендеген дәуірі болды. Жыл сайын айдын бетімен миллиондаған тонна жүк, жүз мыңдаған жолаушы тасымалданып, өзен флоты өзінің үлкен мүмкіндігін паш еткен еді. Шағын кемелер, баржалар, теплоходтар Қара Ертістен Ақ Жайыққа дейінгі алып артерияны бабында ұстады. «Алайда жақсы бастама жалғасын таппай қалды. Айдын арқылы ауыр жүк пен жолаушы тасымалдау құнының өте арзанға түсетіндігіне қарамастан, қазір өзен үстімен жүйткіген кеме түгіл, қалт-құлт еткен қайықтың өзін сирек көруге айналдық», - деп жазады басылым. Мақала «Өзен флотын қайтсек қалпына келтіреміз?» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Біздің жігіттерге «Астана» құрамына ену арман болып тұр» атты материал берілген. «Елорданың «Астана» велокомандасы тағы бір Италия шабандозымен толықты. Бұған дейін «Фарнезе Вини» командасының намысын қорғаған спринтер Андреа Гуардини де жаңа маусымнан бастап, «Астананың» аспан түстес жейдесінде өнер көрсетеді», - деп жазады газет.

***

Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед тосын ұсыныс айтты. Бұл күні оның төрағалығымен, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өткен болатын. «Күні кеше ғана республикалық баспасөзде биылғы жылы Қазақстанның таңдаулы жоғары оқу орындарына түскен, мемлекеттік грант алған талапкерлердің тізімі жарияланды, - деді жиынды ашқан Мұхтар Абрарұлы. - Ал міне, бүгін біз шет елдерде оқитын талапты жастардың білім алуына мүмкіндік туғызатын «Болашақ» бағдарламасының биылғы жылғы талапкерлерінің тізімін қарап, оларды бекітетін боламыз!». Мемлекеттік хатшы биыл Президенттік стипендияның болашақ иегерлерін іріктеу сыны «ерекше өткендігін» айтты. «Үстіміздегі жылдың мамыр және маусым айларында Қазақстанның барлық облыстарында «Бо­лашақ» бағдарламасы бойынша құжат тапсыратын жастардың өтініші қаралды, - деді ол. - Сөйтіп, Қазақстанның барлық облыстарында Елбасы бағдарламасының стипендиаты атануға ниеттенген жастар кеңінен қамтылды. Нәтижесінде биылғы жылы «Болашақ» бойынша оқуға түсе­тін­дердің қатарында еліміздің барлық өңір­лерінің де өкілдері бар деп нық сеніммен айта аламыз». Осы жайында толық білгіңіз келсе «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Болашақтықтарды» жұмысқа орналастырумен барлық облыс әкімдері айналысуы тиіс!» атты мақаланы оқыңыз.

 «Айқын» басылымының бүгінгі санында «Тудан киім тіккен дұрыс па?» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Көк тудан көйлек киетіндер көбейіп келеді. Бұл жақсы ма, жаман ба, дұрыс па, бұрыс па, әзірге ол жағын айырып жатқан ешкім жоқ.

Әйтеуір бұрын спорттық киімдерде кездесетін ұлттық рәміздеріміз енді кешкі салтанаттық үлгілерге, сахналық костюмдерге көше бастады. «Олардың көш басында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Серкебаева тұр. Алтынмен әдіптеліп, күнмен көмкерілген қысқа көйлек сымбатты скрип­кашыға жараспайды десек, жалған болар. Сәл қысқалау пішілгені болмаса, анау айтқандай көзге қораш көрінбейді. Көзді-ашып жұмғанша тотыдай түрленіп шыға келетін сиқырлы ару Алтынай Бай­тоқанова да туға оранып, таңғажайып шоу көрсетіп жүр. Жақында атыраулық дизайнер Жанна Хабиева Лон­дондағы жазғы Олимпиада ойын­дарының ашылуында Қазақстан мен Ұлыбритания байрағынан тігілген ерекше салтанатымен көзге түсті»,-деп жазады басылым.