Туды қорлайтын әрекеттерге тиым салатын уақыт жетті - Б. Тілеухан

АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Туды қорлайтын әрекеттерге тиым салатын уақыт жетті. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған Бекболат Тілеухан осылай мәлім етті.

«Ту, байрақ - кез келген мемлекеттің айбыны, елдігінің белгісі, тәуелсіздігіміздің бейнесі болған рәміз. «Тудың құлауы, байрақтың жығылуы» деген сөз ел үшін аса ауыр есептелетін құбылыс. Екі ел соғысқан кездегі жеңістің белгісі - жаудың туын жығып, өзінің туын тігеді. Өз қансырап, өліп бара жатса да туын жықпай тістеніп өлген тарихта қаншама ерлер болған. Өстіп жүргенде сорақылықтың көкесі Талдықорғанда болды», - дейді Б. Тілеухан.

Оның айтуынша, Талдықорған қаласының орталығында көше тазалаушылар Жаңа жыл қарсаңында Қазақстанның қадірлі Туынан дорба тігіп, қоқыс тасуға дейін барыпты. Бұдан кейін ақпарат құралдарындағы деректерге жүгінген депутат Б. Тілеухан әлгі әрекетті істеген «Жигули» ЖШС қызметкерлері екендігін, олардың орталық алаңдағы шыршаны сәндейтін ойыншықтарды мемлекеттік Тудан тігілген қапқа салып, сүйрелеп жүргенін айтты. Қызметкерлер тудың ескіріп қалғанын айтып бағыпты. «Тәуелсіз елдің байрағын, Көк Туымызды дорба қылған зымиян әрекеттерге тоқтау салатын нақты тетік табатын уақыт әбден жетті», - деді Бекболат Тілеухан.