Туға деген құрмет: Ауыл тұрғыны өз ауласына ту тікті
АСТАНА. KAZINFORM – Мақтаарал ауданы Хайдар Тугушев ауылының тұрғыны Шокир Бабаев өз ауласында Мемлекеттік ту тікті. Отбасы әр мерекеде көк Туды көкке көтереді. Бұл – мемлекеттік рәмізге деген құрмет.
Шокир Бабаевтың отбасы жылда ұл-қыздары мен немерелерімен бірге мерекені ерекше қарсы алады. «Бұл мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен Отанға деген сүйіспеншілік», - дейді ел ағасы.
– Мемлекеттік Туды орнатып, мынау өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін ояту үшін, немерелерімізді, бала-шағамызды отансүйгіштікке тәрбиелейік деген ниетпен ҚР Мемлекеттік Туын көтеріп, Әнұранды шырқап, мемлекеттік рәміздерге деген құрметімізді білдіреміз, - дейді Шокир Бабаев.
Ту тұғырының биіктігі – 10 метр. Жалаудың ені – 1 метр, ұзындығы – 2 метр. Тәжік ұлтының өкілі бұл ұлттық бірлік пен татулық символы деп топшылайды.
– Мақтарал ауданында тұратын Тәжік этно-мәдени бірлестігінің өкілдері мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, мемлекеттік тілде білім алып, мемлекеттік тілдегі балабақшаларға барып, қазақ халқымен бір шаңырақ астында тату тәтті өмір сүріп жатыр, - дейді ол.
ҚР Рәміздері күні қарсаңында барша қазақстандықтарды расми мерекемен құттықтап, ел аман, жұрт тыныш болсын деген тілегін де білдірді.
Еске салайық, бүгін ҚР Мемлекеттік рәміздер күні тойланады. Қазақстанның тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Кейін 2006 жылдың 6 қаңтарында қайта өзгертілді.
Зұлқарнай Ермұрат