«Жағдайды қадағалап отырмыз. Ол алғашқы үш жылда өзге балалар сияқты қалыпты дамыған. Онан кейін дамуы тоқтаған. Қазіргі уақытта ем алып жатыр. Әрине, бұл баланың өмір сүрген жағдайы өте нашар. Үйде бей-берекетсіздік, жағымсыз иіс, мысық көп. Анасы баласына қарамаған. Ол бөгде адамдар тұрмақ өзінің анасынан да қорқады. Жағдайы осындай. Бүгінде дәрігерлер мен психологтар жұмыс істеп жатыр», – деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Кazinform тілшісінің сауалына орай.
Бұған дейін Іле ауданында аштықтан жүдеу, сөйлеуге және жүруге мұршасы қалмаған 6 жасар ер бала анықталғанын жазған едік. Алматы облыстық прокуратурасының мәліметінше, баланың ата-анасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар қамқоршылық орган олардың ата-ана құқығын шектеу туралы талаппен сотқа жүгінген.