Туған немересін өлтірген қылмыскерге үкім шығарылды
11:57, 23 Желтоқсан 2017
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Өзінің үш жасар туған немересін өлтірді деп айыпталған қарағандылық азаматқа үкім шығарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қарағанды облысы, Шет ауданы, Дербісәлі кентінде тұратын 39 жастағы Виталий Таговский өз кінәсін мойындады. 3 жасар немересін мастықпен пышақтап өлтіріп алған ол, жағдайдың қалай болғанын өзі де білмейтінін, жасаған қылмысы үшін қатты өкінетінін айтты.
Қылмыскерге үкім оқыған аймақтағы қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотының судьясы Бекзат Шалғымбаев, сотталушы ешқандай кешірімге лайық еместігін айтты.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 99 бабының екінші бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскер жазасын қауіптілігі төмен түзету мекемелерінде өтейді.