Мәдени маршруттың соңғы аялдамалары оңтүстік өңірлерде өтеді. Онда көрермендер ағартушылық марафон аясында ұсынылып келе жатқан деректі фильмдерді тамашалайды.
Бұл жолы еліміз бен қазақстандықтар туралы деректі хикаялар Талдықорғандағы үлкен экранда көрсетілді. Көрермендерге «ARAL», «Серт», «Қуатты Серіктес» және «Құлалы аралынан келген адам» деректі фильмдері ұсынылды.
City Plus кинотеатрында тек деректі кино туралы ғана емес, бірі үшін тарихқа айналған, енді бірі үшін әлі де жеке естеліктің бір бөлігі болып саналатын оқиғалар жайында әңгіме өрбіді.
Жетісу облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мәди Шәкеновтің айтуынша, көрермендердің кинолекторияға қызығушылығын деректі фильмдердің ашық пікірталас алаңына айналып келе жатқанынан көруге болады.
— Деректі фильмдер әр адамға ой салып, талқылауға тартады және бүгінгі қоғам үшін маңызды мәселелер туралы ойлануға мүмкіндік береді. Бұл фильмдер ұлттық жадымызды қалыптастырған оқиғаларға қайта оралуға жол ашады. Республикалық кинолекторияның ерекшелігі де осында. Деректі кино осы шежірені жас көрерменге ұсынып, ел тарихын оны жалғастыратын ұрпақтың жеке тәжірибесіне айналдырады, — деді Мәди Шәкенов.
«ARAL» фильмінің негізінде Арал теңізінің маңында 50 жылға жуық өмір сүріп, туған жерінің қалай өзгергенін өз көзімен көрген ақсақал Күнтуған Тұрғанбаевтың тағдыры жатыр. Фильм авторы Нұрлан Қабдай бұл оқиға арқылы Арал трагедиясын тек экологиялық апат ретінде ғана емес, тұтас бір дәуірдің көрінісі ретінде жеткізуді мақсат еткен, яғни Арал жергілікті халықтың өмірін айқындап, тұтас отбасыларды асыраған кезеңнен бастап, бүгінгі теңіздің адамға қайта оралып жатқан шағына дейінгі аралық қамтылады. Бұл — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке назар аударуы және мемлекеттік деңгейдегі ауқымды жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Фильмді тамашалау Талдықорған тұрғыны Наталья Денисоваға ерекше әсер етті. Қазір ол Талдықорғанда тұрғанымен, өзі Арал теңізінің жағалауында дүниеге келген.
— Мен Қызылордада дүниеге келдім. Сондықтан экраннан бала кезімнен таныс жерлерді көру мен үшін ерекше толқыныс болды. Туған өлкеңді осындай фильмнен көргенде, оған мүлде басқаша қарайсың. Мен үшін бұл жай ғана тарих емес, бұл — менің туған жерім, — деді Талдықорған тұрғыны Наталья Денисова.
Оның айтуынша, Арал теңізінің трагедиясы Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін сабақ болуы тиіс.
— Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін бұл туралы айту керек. Киноқұжаттама — осы мақсатқа жетудің жақсы құралы. Әлемде оған қызығушылық жоғары. Ал бұл фильм — Қазақстанның дауысы. Оны әлем жұртшылығы еститіні сөзсіз, — деді Наталья Денисова.
Ол Арал теңізінің біртіндеп жағалауынан алыстап кеткеніне, кейін Көкарал бөгеті салынған соң қайта орала бастағанына өзі куә болғанын айтты.
— Су жағалаудан алыстаған кезде, бұл адамзаттың табиғатқа жасаған жауапсыздығы мен абайсыздығы үшін берілген қатаң үкім секілді көрінді. Ал бүгінде мемлекет тарапынан бұл мәселеге назар аударылуының арқасында сол үкім біртіндеп татуласудың белгісіне айналып келеді. Теңіз қайтадан өз пішінін қалыптастырып жатыр. Табиғаттың өзі өткен қателіктерді түзетуге мүмкіндік беріп отырғандай, — деді ол.
Ал «Серт» фильмі көрерменді 2024 жылдың көктеміндегі оқиғаларға алып барды. Сол кезеңде Қазақстан соңғы жылдардағы ең ауқымды су тасқындарының біріне тап болды. Алайда фильм авторлары тек қираған нысандарды ғана көрсетпейді. Кадрларда бір-біріне көмектескен, елді мекендерді қалпына келтіріп, өмірін қайта бастаған адамдардың оқиғасы баяндалады.
Фильмді көргеннен кейін өз әсерімен талдықорғандық Медет Жұмабай да бөлісті. Оның пікірінше, мұндай фильмдердің құндылығы — оқиғаларды архивте ғана емес, халықтың жадында да сақтай алуында.
— Мұндай фильмдер шынымен де әсерлі. Нақты оқиғалар мен сол жағдайдан өткен адамдарды көргенде, тарихты басқаша қабылдай бастайсың. Осындай материалдардың сақталып, болашақ ұрпаққа жететіні қуантады. Бұл — жоғалтып алмауымыз керек Қазақстан тарихының бір бөлігі, — деді Медет Жұмабай.
Деректі кино орталығының жұмысы жекелеген өңірлердің тарихымен ғана шектелмейді. Президент Телерадиокешені ондаған жыл бойы еліміздің өміріндегі маңызды оқиғаларды ішкі қоғамдық-саяси үдерістерден бастап, халықаралық сапарлар мен жоғары деңгейдегі кездесулерге дейін таспаға түсіріп келеді.
— Біз Қазақстан шежіресіндегі қоғамдық-саяси оқиғалар, халықаралық сапарлар, маңызды кездесулер сынды бағыттарды толық қамтимыз. Әр фильмнің артында журналистер, редакторлар, режиссерлер, операторлар, мұрағатшылар және басқа да мамандардан құралған үлкен команда тұр. Бұл еліміздің визуалды тарихын сақтау жолындағы ауқымды еңбек, — деді Нұрлан Қабдай.
«Шежіреден — болашаққа» республикалық кинолекториясы бұған дейін Қазақстанның 20 қаласында ұйымдастырылды. Талдықорғаннан кейін көрсетілімдер Қонаев қаласында өтеді. Ауқымды жоба 25 қыркүйекте Алматыда қорытындыланады.
Көрсетілімдерге кіру тегін.