Деректерге сүйенсек, тоталитарлық қысыммен Қазақстанға келген 100 мың татардың 3 мыңы ғана қалған. Ұлт тарихындағы ұлы нәубетті көзімен көрген қариялардың алды қазір 90-ға келіп қалды. Олардың бірі Яқуб аға Эминов өзінің үрей мен қорқынышқа толы балалық шағы туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне айтып берді.
- Сіз сол бір ауыр кезеңде әлі оң мен солын ажыратпаған жас бала екенсіз. Көңіліңізде өшпес сызат қалған болар?
- Иә, мен ол кездері 15 жастағы баламын. Айвазовский ауылында тұратынбыз. 18 мамырда таңға жуық үйімізді солдаттар қоршап алды. Қартайған әжем бар еді. Ол кісі Құранды ұстап, жылап тұрды. Оған дейін 5 жыл неміс оккупациясында болған едік. Күнде соғыс, күнде атыс. Әкем соғыста болатын, үйде үш бала, жеңгем, анам болды. Содан киінуге 15 минут уақыт берді. Абыр-сабыр жолға дайындалдық. Бірер уақытта Киров аудан орталығына жеткізді, онда 1 тәулік күттік. Ойымызда ештеңе болмады. Қазір ол жерде ескерткіш қойылған. Содан тауар таситын вагондарға тиеді. Отыратын орын жоқ. Есік-терезе жабық, демалатын ауа жоқ. 8 тәулік жүрдік. Қайда бара жатқанымызды, алдымызда не боларын білмейміз. Көзімізде үрей, қорқыныш. Үлкен кісілер мен балалар шыдамай өліп жатты. Оларды жерлеуге де мүмкіндік бермеді. Өлі-тірімізді аралас әкеп Оралға төкті. Вагоннан түскендердің тірісінен өлісі көп болды-ау.
Мұндағы өміріміз де мәз болған жоқ. Күндегі беретіні жарты келіден сұлы жармасы, кебек. 11 жыл Добрянка деген ауылда қара металлургия зауытында ауыр жұмысқа жегілдім. Ай сайын коммендантқа барып тіркелетінбіз. Былайша айтқанда, лагерь тұтқынынан айырмашылығымыз болған жоқ. 1955 жылы Пермь қаласына көштік. Мен сол жерде үйлендім. Алматыдағы туысқандарымызбен хат алысып тұратынбыз. Қазақстанға кеткен татарлардың ішінде туысқандарымыз Алматы облысының Табақ совхозында қоныстанды. Олар Қазақстанға кел, мұнда жағдайымыз басқаға қарағанда өте жақсы деген соң көшіп келдік.
- Қазақстанға келген соң өмірлеріңізде өзгеріс болды ма?
- Өтірік айтып қайтемін, жасым 90-ға келді. Әлі күнге қазақ халқына айтар алғысым шексіз. Ауылда тұрғанда көршілерім де, кеңшар төрағасы да қазақтар болды. Біреуінен жамандық көрген емеспіз. Басында бір лашығымыз болды. Кейін үй салдық, үй болдық. Ауылда жер алып, жер жырттық, еңбек етіп, ел қатарлы күн көре бастадық. Балаларым білім алды, оқыды, өсіп, өнді. Қазақстан - біздің отанымыз. Мен өзім қосжүректі болсам да, менің балаларымның отаны жалғыз - Қазақстан. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғысым шексіз. Біз туған топырағымыздан ажырап қалсақ та, туған тілімізді, дәстүрімізді, ғұрпымызды, мәдениетімізді ұмытпадық. Бұның бәрі Қазақстандағы толерантты саясаттың арқасы.
- Күштеп көшірілгеннен кейін Қырым түбегіне қайта бардыңыз ба?
- Иә, 10 жылдан кейін зауытта демалыс алып, досымыз екеуіміз барып келдік. Өзімнің шаңырағымда болдым. Үйімді көрдім. Жиһаз, тұрмыстық заттар түгел тоналған. Ештеңе бұрынғыдай емес. Кейін менің бауырларымның бірі кетті Қырымға. Тағдыр тәлкегімен қазір жартысы Өзбекстанда, жартысы Қазақстанда тұрып жатыр.
- Қазақстанға Қырымнан қанша адам келді?
- Қазақстанға, Орталық Азияға 100 мыңға жуық адам келді. Олардың 3000-ы ғана қазір Қазақстанда тұрып жатыр. Алматыда шамамен 1500 қырым татары бар. Депортация кезінде 191 мың адамның 46 пайызы ауыр жағдайда ыстыққа, аштыққа, ауыр жұмысқа шыдамай қаза болған. Өйткені, олардың басым көпшілігі әйелдер мен жасы үлкен кісілер еді.
- Сіздер тарихи отандарыңыздан ажырап қалдыңыздар. Қанша дегенмен өзге елдермен ассимиляциялық процестер жүреді. Ұлттық болмыстарыңыз өзгеріп кетпеді ме?
-Жоқ. Қазақстанда әр ұлттың өзінің тарихын, ұлттық құндылықтарын, тілін, дәстүрін сақтауына бар жағдай жасалып отыр. Алматыда «Ватандаш» деген ұйымымыз бар. Мерекелік шараларда үнемі жас-кәріміз жиналып тұрамыз. Біздің қырым татарларының Қазақстандағы ұрпақтары өз тілінде еркін сөйлейді. Жылда 18 мамырда жиналып, депортация құрбандарына құран бағыштап отырамыз. Жастарымыз спектакль, концерт қояды. Аталған тақырыпта өлең жазылып, қылқаламмен сурет салынып, кино түсіріліп жатыр. Мен ойлаймын, тарих ешқашан ұмытылмайды. Ұрпақ жадында, ұлт жадында қалады.
- Әңгімеңізге рахмет.