«Туған жер» атты қызықты роликтер жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры «Туған жер» атты бейнебаяндарды шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Барлық бейнебаяндар «Сәлем саған, туған ел!» әнінің мақамымен басталады. Алайда ол жерде «туған ел» сөзін «Туған жермен» ауыстырған. Бейнебаяндардың нақты кейіпкерлері де жоқ емес. Олар -шетелдік қонақ, Шолпан тәте, күйеу бала, режиссер мен шымкенттік кәсіпкер. Бір минуттан сәл асатын бейнебаяндардың алғашқы сериясы кейіпкерлер арқылы Қазақстанды таныстырудан басталса, екінші бөлімде тойдан алған сарқыттың қолдан-қолға көшіп жүретіні, салт-дәстүр мәселесі, тіпті кәсіпкерлердің бюджет қаражатын ұрлау сияқты жемқорлық әрекеттері де көрсетіледі. Қазақтардың кешігіп келетіні де назардан тыс қалмады.