Жуырда қырық жасқа толған Нұрлыбайдың айтуынша, Орал қаласында да тіршілік етіп көрген. 1999 жылдан бастап шөлмек жинап, тапсырумен айналысқан ол 2007 жылы біржола ауылға бет бұрды. Туған жерге деген сағыныш қоя ма әрі ата-анасы Жолдыбай мен Ғазизаның тұңғышы болғандықтан, елге келіп, інілері Абылай, Руслан, Марданмен бірге бас біріктіріп, қожалық ашып, төрт түлік мал өсіруді жөн көрді. Қазіргі кезде «Дархан» шаруа қожалығындағы жалпы мал саны 600-ден асады. 15-16 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оған қоса жол бойында «Шахизада» дәмханасы жұмыс жасайды.
Туған ауыл десе, жүрегі елжіреп тұратын кәсіпкер Жеңістің 70 жылдығына орай Сарықұдық ауылындағы соғыста қаза тапқан боздақтарға арналған «Ерлер есімі ел есінде» ескерткішін мәрмәр тас қойып, кафельдетіп, түгелдей жаңартты. Оған қоса өткен жылы медпункт салды. Материалының өзіне 5,2 млн. теңге кетсе, құрылысшыларды жалдағаны бар, іші-сыртын қаптап, сылағаны бар, барлығы 7-8 млн. теңгеге барып қалады. Күні бүгін медпункт ауыл тұрғындарына қызмет етуде, фельдшерлік және акушерлік кабинет, екпе бөлмесі жаңа аппараттармен қамтамасыз етілген, науқастар күндізгі стационарда да ем алады.
Атап өтер жайт, кәсіпкер медпункт ғимаратын мемлекет иелігіне толықтай берді.
«Мұндағы мақсатым - туған ауылымның көркеюіне өз үлесімді қосу. Соңғы жылдары Сарықұдыққа қатқыл табанды жол жетті, енді ауыз су, газ келеді деп жатыр. Тағы бір арманым - ауылда жаңадан мектеп салынса деймін. Осылайша толық жағдай жасалса, туған жерінен тұрғындар, әсіресе, жастар көшпей, тұрақтап қалар еді. Бұған біз секілді кәсіпкерлер, ел азаматтары қолұшын созып, үлгі көрсетіп, ықпал етуі тиіс деп ойлаймын», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Нұрлыбай Жолдыбайұлы.